Қазақстанның жаңа мегаполисі: Alatau City құрылысы қалай жүріп жатыр?
Қазақстандағы ең ауқымды урбанистикалық жобалардың бірі – Alatau City құрылысының қазіргі барысы «Жаңа адамдар» қозғалысының QALA жобасының жаңа шығарылымында көрсетілді, деп хабарлайды Politico.kz.
Даму жоспарына сәйкес, ғасыр ортасына қарай Алатау шамамен екі миллион тұрғыны бар, заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған және ерекше экономикалық режим негізінде жұмыс істейтін ірі мегаполиске айналуы тиіс.
Жоба авторларының айтуынша, Alatau City Қазақстандағы алғашқы толық цифрлық қала болмақ. Мұнда инфрақұрылым, қалалық қызметтер мен экономика үлкен деректерге, заманауи технологияларға және «ақылды» басқару қағидаттарына негізделеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін «Алатау қаласының ерекше құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға қол қойған болатын. Президент бұл құжат «ақылды қала» экожүйесін қалыптастырудың құқықтық негізін бекітіп, Алатауды болашақтың цифрлық агломерациясына айналдыруға жол ашатынын атап өткен.
QALA жобасының жаңа шығарылымында Алматы мен Алатау қаласының құрамына кіретін Жетіген ауылы тұрғындарының пікірлері ұсынылған. Түсірілім тобы жергілікті халықтың мегажобаға қатысты көзқарасын біліп, өңірде басталған өзгерістерді көрсетті.
Сондай-ақ бағдарламада болашақ қаланың тұжырымдамасы, оның төрт дистриктке бөлінуі, ұшатын такси жобалары және қаланың даму перспективалары туралы айтылады. Сарапшылар қатарында сәулетші әрі урбанист Жандос Жұмабаев пен жобаға қатысушы мамандар пікір білдірген.
«Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Алихан Сарсенов Алатауды «Әділетті Қазақстанды құру жолындағы үлкен қадам» деп атап, оның қолданыстағы мегаполистің жалғасы емес, жаңа даму нүктесі екенін айтты.
Соңғы жаңалықтар