«Қазақтелекомда» екі күнде екі қызметкер қаза тапты

06.08.2026 18:17 Қарақат АСЫЛОВА
«Қазақтелекомда» екі күнде екі қызметкер қаза тапты
298
Фото: Forbes Kazakhstan

«Қазақтелеком» компаниясының екі қызметкері байланыс желілеріндегі жұмыстарды орындау кезінде көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиғалар Жамбыл және Қостанай облыстарында бір күн аралығында болған.

Компанияның мәліметінше, алғашқы оқиға 4 тамыз күні Жамбыл облысында тіркелген. Арнайы техника қолданылған жұмыс кезінде Тараз техникалық қызмет көрсету орталығының қызметкері ауыр жарақат алып, оқиға орнында қаза болған.

Ал екінші қайғылы жағдай 5 тамызда Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы Москалевка ауылында болған. Байланыс желісінің тіректерінде жұмыс жүргізіп жатқан жергілікті желілік-техникалық цех қызметкері өмірімен қош айтысты.

Қостанай облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Қазір оқиғаның мән-жайы мен себептері жан-жақты тексеріліп жатыр.

«Қазақтелеком» екі оқиға бойынша да уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ компания қаза болған қызметкерлердің отбасыларына қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Компания өкілдерінің айтуынша, осы қайғылы жағдайлардан кейін қауіпсіздік талаптарын күшейту, бақылау шараларын жетілдіру және мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеуге бағытталған қосымша алдын алу жұмыстары қолға алынған.

Войдите, чтобы оставить комментарий