Қиын шешімдер кезеңі: Қазақстан экономикасы жаңа жолға бет алды
Жыл соңында премьер-министр Олжас Бектенов Ақордада өткен қабылдауда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Үкімет басшысына жүктелген басты міндет – ел экономикасындағы ең күрделі әрі ауыр шешімдерді қабылдау болды. Осыған орай саясаттанушы, сарапшы Ғазиз Әбішев өз пікірін ортаға салды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазақстан экономикасы шамамен жиырма жыл бойы мұнай табысына шамадан тыс тәуелді болып келді. Кез келген мәселе қаржымен «жабылды», бюджет қаражаты әлеуметтік төлемдерге де, популистік бастамаларға да, жемқорлық тәуекелі жоғары салаларға да есепсіз жұмсалды. Алайда уақыт өте келе мұнай кірісінің салмағы күрт төмендеді. Бүгінгі барреліне 60 долларлық баға 2002 жылғы 30 доллармен салыстырғанда әлдеқайда әлсіз көрсеткіш саналады. Бұған әлеуметтік шығындардың шарықтауы, пандемиядан кейінгі тұрақсыздық, санкциялық текетірес пен жаһандық қайта бөлініс қосылды.
Осы жағдайда үкімет экономиканы сауықтыруға бағытталған қадамдарға баруға мәжбүр. Бұл шаралар қоғамға қатал көрінуі мүмкін. Тарифтердің өсуі тек инфрақұрылымды капиталдандыру ғана емес, сонымен қатар табыстың баяу өсуі аясындағы бағаның қымбаттауы арқылы өмір сүру деңгейі мен еңбек өнімділігінің арасындағы алшақтықты ашық көрсетеді. Билік бұл үдерісті тежеп, теңгерімсіздікті ұлғайта беруі мүмкін немесе ұзақмерзімді тұрақтылық үшін ауыр шешімдер қабылдай алады.
Сондықтан үкімет субсидиялауды біртіндеп қысқартып, экономиканы нарықтық қағидаттарға көшіруге кірісті. Бюджет тұрақтылығын сақтау үшін салық жүктемесін арттыру да күн тәртібіне шықты. Бұл әлеуметтік міндеттемелерді орындап қана қоймай, қоғамдық ресурстарды даму жобаларына бағыттау үшін қажет.
Әлеуметтік шығындар да қайта қаралуда: жаппай қолдаудан нақты мұқтаж топтарға бағытталған модельге көшу басталды. Ал орнықты даму үшін тек бюджет қаржысы жеткіліксіз, жеке және шетелдік инвестициялар ауадай қажет. Осы себепті президенттің өзі әлемді аралап, әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіп жүр.
Дегенмен, парадокс та бар: билік сырттан капитал тартуға тырысқанда, ел ішінде «тәркілеу мен қайта бөлу» туралы ұрандар жиі естіледі. Шетелдік инвесторлар «зиянды» әрі «қауіпті» деген пікірлер айтылады. Экономикадан алыс адамдар бір мезетте бірнеше талапты алға тартады: инвесторларды қатаң іріктеу, салықты көтермеу, қуатты өңдеу өнеркәсібін дамыту және мемлекет барлық жағдайда әлеуметтік болуға тиіс деген ұстаным.
Осы тұста билік үшін басты міндеттердің бірі – құқықтық тәртіпті толық қамтамасыз ету. Рейдерлікке, әкімшілік қысымға, әділетсіз бәсекеге жол бермеу, бизнесті саяси және әлеуметтік ықпалдан қорғау маңызды. Өндірістік секторда кәсіпкерлік бастаманы ынталандыратын орта қалыптастыру – тұрақты өсудің басты шарты. Мұның бәрі 2026 жылдың негізгі басымдықтарының қатарынан көрінеді деген үміт бар.
Соңғы жаңалықтар