Қонаевта мектеп оқушысы қарсыласын пышақпен қорқытты
Алматы облысының Қонаев қаласындағы мектептердің бірінде жоғары сынып оқушылары арасында жанжал шығып, ол төбелеске ұласқан, деп хабарлайды Politico.kz сайты HALYQSTAN-ға сілтемемен.
HALYQSTAN дерегінше, оқиға 2026 жылғы 25 ақпанда болған. Екі оқушы арасындағы сөзге келіспеушілік төбелеске айналған. Кейін олар мектеп директорының орынбасарының кабинетіне шақырылып, жағдай түсіндірілген.Алайда кабинеттегі әңгімеден кейін жанжалға қатысқан оқушылардың бірі сыртқа жүгіріп шығып, біраз уақыттан соң қолына пышақ алып қайта келген. Ол қарсыласын қорқытып, күш қолданатынын айтып, қоқан-лоқы жасаған.Мектеп қызметкерлері дереу әрекет етіп, жасөспірімді полиция келгенге дейін ұстап тұрған.
Оқиғаға байланысты Қонаев қаласының прокуратурасы тиісті шаралар қабылдап, тексеріс жүргізген.Ал Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті полиция екі кәмелетке толмаған баланың ата-анасына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 435-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар тәрбиелік жұмысты дұрыс ұйымдастырмағаны үшін мектеп директоры мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына тәртіптік жаза қолданылған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Последние новости