Қордайда белгісіз әйел үш жылдан бері ауруханада тұрып жатыр
Жамбыл облысының Қордай ауданында жеке басы белгісіз әйел үш жылдан бері ауруханада тұрып жатыр. Шамамен 60 жастағы әйелдің құжаттары жоқ, өзі туралы ештеңе есіне түсіре алмайды, деп хабарлайды Politico.kz.
Әйелдің видеосы әлеуметтік желіде тарады. Видео авторы дәрігерлер оны қосалқы бөлмеге орналастырып, медициналық көмек көрсетпей отырғанын мәлімдеген. Аурухана бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әйел үш жыл бұрын шалғайдағы жайылымнан ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Оның құжаттары да, тұрақты тұрғылықты жері де болмаған.
Әйелдің азаматтығы, тұрғылықты мекенжайы және туыстары туралы нақты мәлімет жоқ. Қазақстанның ақпараттық жүйелерінен де оның кім екенін анықтауға көмектесетін деректер табылмаған.
Дәрігерлер осы уақыт ішінде әйелдің жеке басын анықтауға тырысқан. Оны Тараз бен Алматыдағы бейімдеу орталықтарына орналастыру мәселесі де қаралған, бірақ нәтиже болмаған.
«Науқас қазір Қордай аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінде жатыр. Оған қажетті медициналық көмек, күтім және тамақ толық көлемде беріліп жатыр», деп хабарлады басқармадан тілшімізге.
Әйелді ауруханадан шығару немесе басқа мекемеге орналастыру мүмкін болмағандықтан, оның әрі қарайғы тағдыры тиісті органдармен бірлесіп шешіліп жатыр.
Жамбыл облысының полиция департаменті де бұл жағдайға қатысты тексеру жүргізген.
«Тексеру барысында әйелдің бұған дейін шаруа қожалықтарының бірінде тұрып, жұмыс істегені анықталды. Оның еркінен тыс ұсталмағаны, сондай-ақ мәжбүрлі еңбекке тарту фактілері белгіленбеді», деп хабарлады полициядан тілшімізге.
Полицияның мәліметінше, әйелдің денсаулығы ауыр болғандықтан, одан қажетті ақпарат алу мүмкін болмай отыр. Оның қайда туғанын нақты білетін адамдар да табылмаған.
Әйел Қырғызстаннан келген болуы мүмкін деген болжам бар. Бірақ оның азаматтығы әзірге анықталмаған.
Қазір полиция әйелдің туыстары мен жақындарын іздестіріп жатыр. Оның жеке басын анықтау және құжаттарын рәсімдеу жұмыстары да жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар