Қостанай облысында әйелі мен ұлын өлтірген ер адам өмір бойына сотталды
Қостанай облысының Аманқарағай ауылында өткен жылдың 29 қыркүйегінде жұбайы мен ұлын өлтірген 51 жастағы Максим Нечаев өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Тергеу дерегінше, қайғылы оқиға ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдан басталған. Әйелі ажырасуды талап еткен. Қолына пышақ алған Нечаев әйелінің бөлмесіне бет алған кезде 16 жастағы ұлы оянып кеткен. Жасөспірім әкесін тоқтатпақ болған, алайда ер адам оны пышақтап өлтірген. Дыбысқа шыққан анасы да пышақ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмған.
Сотта Нечаев ұзақ уақыт бойы ауыр психологиялық жағдайда өмір сүргенін, жұбайының басқа ер адаммен қарым-қатынасы болғанын білгенін айтқан. Ол кінәсін толық мойындамай, туыстарын өлтіруді көздемегенін, пышақ жарақатын салған сәтте шок күйінде болғанын мәлімдеді.
Айыпталушының 15 жастағы қызы прокурор өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрағаннан кейін әкесіне жеңілдік жасауды өтініп, толық жетім болып қалғысы келмейтінін айтқан.
Қостанай облыстық сотының мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 15 жылдан өмір бойына дейінгі жаза қарастырады. Сот айыпталушының жауапкершілігін ауырлататын немесе жеңілдететін мән-жайларды анықтамаған. Істің қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот Нечаевты төтенше қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу арқылы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Соңғы жаңалықтар