Қостанай облысында үш полицей ұсталды
Қостанай облысы Рудный қаласы криминалдық полиция бөлімінің үш қызметкері пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл ақпаратты полиция департаменті растады, деп хабарлайды Politico.kz «ТоболИнфоға» сілтеме жасап.
Күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
«2026 жылы 17 наурызда Қостанай облысы бойынша ҰҚК департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі қызметкерлері Қостанай облысы полиця департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп, Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Рудный қалалық криминалдық полиция бөлімінің үш қызметкерін ұстады», – деп хабарлады полиция департаменті.
Қостанай қаласының мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен оларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі бопсалау жолымен, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы арқылы, ірі мөлшерде немесе бірнеше рет пара алуды көздейді. Мұндай қылмыс үшін пара сомасының 60-70 еселенген мөлшерінде айыппұл салу, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Соңғы жаңалықтар