Қостанайда 61 жастағы зейнеткерді соққыға жыққан санитар сотталды
Қостанай қалалық №2 сотында адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қаралып, айыпталушыға қатысты соңғы үкім оқылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға биылғы жылдың 27 шілдесінде болған. Қостанайдағы уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының палатасында Ғалымжан Тіжбаев есімді санитар 61 жастағы науқасқа күш қолданған. Тергеу барысында анықталғандай, қызметкер жеке бас араздығына бола зейнеткер Ратмир Каюмовты аяусыз соққыға жыққан. Ол қарт кісінің басынан бір рет, денесінен үш рет оң аяғымен тепкені дәлелденді.
Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы күдіктіні 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал жәбірленуші тарап айыпталушының заң аясында қатаң жазалануын және моральдық шығынның толық өтелуін талап етті.
Өз кезегінде айыпталушы орындығындағы азамат тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді. Ол өз әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деген уәж айтып, соттан өзін ақтауды өтінген.
Алайда судья істің мән-жайын, қылмыстың ауырлығын және жәбірленушіге келтірілген зиянның өтелмегенін ескере отырып, шешім шығарды. Істе жауапкершілікті жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.
Нәтижесінде сот үкімімен Тіжбаев кінәлі деп танылып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болады. Сонымен қатар сотталушы алдағы 5 жыл бойы науқастарға күтім жасауға байланысты қызметпен айналыса алмайды. Жәбірленушінің моральдық зиянды өндіру талабы ішінара қанағаттандырылды.
Айта кетейік, бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Желіде тараған бейнежазбада орталық қызметкерлерінің егде жастағы ер адамның қолындағы темекісін тартып алып, артынша еденде жатқан адамды аяғымен бірнеше рет тепкілегені анық көрінеді.
Осы соққылардың салдары 61 жастағы зейнеткер үшін тым ауыр болды. Дәрігерлер жәбірленушінің оң жақ бүйрегі қатты зақымданғандықтан, оны шұғыл түрде алып тастауға мәжбүр болған. Сондай-ақ қарияның қабырғалары сынғаны белгілі болды.
Соңғы жаңалықтар