Қостанайда үш мұғалім қаза тапқан жол апатына байланысты жаңа дерек шықты

Қостанайда үш мұғалім қаза тапқан жол апатына қатысты сот процесі жалғасуда. Бұл туралы POLITICO.KZ cайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Айыпталушы 35 жастағы жүк көлігінің жүргізушісі Исмаилжон Розақұлов өз кінәсін мойындады.
Жол апаты 2024 жылдың 16 желтоқсанында Қостанай – Әулиекөл – Сұрған тас жолында болған. Тергеу нұсқасы бойынша, "Volvo" жүк көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Қарасу ауданынан Қостанайға бағыт алған жолаушылар отырған "Toyota Alphard" шағын автобусымен соқтығысқан.
Оқиға орнында үш мұғалім – Карина Лаврик, Луиза Ашаева және Алина Абрамова қаза тапты. Тағы үш жолаушы, соның ішінде 11 жастағы бала түрлі дене жарақатын алған.
Розақұлов сотта бес жылдан астам уақыт бойы жүк тасымалымен айналысып келе жатқанын және жол апаты болатын күні Екатеринбургтен келе жатқанын айтты. Ол шаршаған күйде көлік жүргізіп келе жатқанын, тоқтайтын орын іздегенін жеткізді. Алайда рөлде ұйықтап кетіп, көзі ашылғанда соқтығысқанын баяндады.
Айыпталушы өз кінәсін мойындайтынын, алайда азаматтық талаптарда көрсетілген сомалармен келіспейтінін айтты. Қаза тапқандардың туыстары әрқайсысы 10 миллион теңгеден талап етсе, жүргізуші мен жолаушы 2–2,5 миллион теңге көлемінде өтемақы сұраған. Розақұлов болса, бұл сомаларды толық емес, ішінара өтеуге дайын екенін білдіріп, қаза тапқандардың туыстарына 3 миллион теңгеден, ал зардап шеккендерге 100 мың теңгеден төлеуге әзір екенін мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар





