"Құлдықта ұстап отыр": Абай облысында ер адам мен әйелдің даулы видеосы тарады

26.01.2026 09:40 Мөлдір Талғат Мөлдір Талғат
158
Фото: видеодан скриншот

Абай облысында өздерін «құлдықта ұстап отыр» деп видеоүндеу жасаған ер адам мен әйелдің ісіне байланысты жаңа деректер белгілі болды, деп забарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода Аягөз қаласында тұратын ер адам мен әйел мал бағып жүргендерін, алайда тұрмыс жағдайларының өте ауыр екенін айтқан. Олар ұзақ уақыт бойы қорлық көріп, тәуелді жағдайда өмір сүріп жатқанын жеткізіп, жұрттан көмек сұраған.

Видеоүндеуде ер адам күнделікті тұрмыстық жағдайдың жоқтығын, адам ретінде қарым-қатынас көрмейтінін айтып шағымданған.

«Бізді мұнда құл сияқты ұстайды. Жуынып-тазалануға, дұрыс тамақ ішуге мүмкіндік жоқ. Таңнан кешке дейін мал соңындамыз. Үнемі қорқытып, қорлайды», – дейді ол.

Ер адамның сөзінше, ол бұл жерде шамамен тоғыз жылға жуық уақыт тұрып келеді және үнемі қысым мен қорлыққа шыдаудан шаршаған.

Видео жарияланғаннан кейін Абай облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты тексеру жұмыстарын бастады. Тәртіп сақшылары видеодағы 37 жастағы әйел мен 46 жастағы ер адамнан жеке-жеке жауап алған.

Тексеру қорытындысы бойынша полиция оларды күштеп ұстау дерегі расталмағанын мәлімдеді.

«Тексеру барысында азаматтардан түсініктеме алынды. Оларды күшпен ұстау фактісі анықталған жоқ», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Ведомствоның нақтылауынша, ер адам мен әйел бөлек үйде тұрған. Сонымен қатар бұған дейін сот шешімімен екеуі де әрекетке қабілетсіз деп танылып, оларға қамқоршылық рәсімделгені белгілі болған.

Тексеру нәтижесінде олардың жағдайын және құқықтық мәртебесін ескере отырып, арнайы мекемеге жіберу туралы шешім қабылданған.

Соған қарамастан, бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, қамқоршылықтағы адамдардың өмір сүру жағдайы мен әлеуметтік бақылау мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий