Құмар Ақсақалов қамаудағы орынбасарына қатысты жағдайды түсіндірді

18.02.2026 10:25 Арман Ермеков
Құмар Ақсақалов қамаудағы орынбасарына қатысты жағдайды түсіндірді
122
Құмар Ақсақалов істі болған орынбасарының қызметтен кеткенін айтты / Коллаж: Politico.kz

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Өңір басшысы сыбайлас жемқорлық күдігіне ілінген орынбасарының 2026 жылғы 11 ақпанда жазған өз өтініші негізінде қызметінен босатылғанын мәлімдеді.

«Өздеріңізге белгілі, Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны туралы ақпарат тарады. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізілуде. Заңнамаға сәйкес, мемлекеттік органдар тергеу барысына араласуға және оған қандай да бір баға беруге құқылы емес. Барлық мән-жайлар объективті әрі жан-жақты қаралады деп сенемін», – деді Ақсақалов «TobolInfo» басылымына берген пікірінде.

Еске салайық, 11 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Мұсағазинаны тергеуге шақырып, кейін уақытша ұстау изоляторына қамаған болатын. Қазіргі уақытта оған Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша билігін немесе лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылып, үйқамаққа жіберілген. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Гүлбарам Мұсағазинаның есімі өңірдегі медициналық жабдықтарды сатып алу кезіндегі жемқорлық дауымен байланысты аталып жүр. Бұл іс аясында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаев пен оның орынбасары Ерболат Доспанов және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубев те тергеліп жатыр.

Айта кетейік, 2025 жылдың соңында Гүлбарам Мұсағазина осы жемқорлық ісіне қатысы бар деп айыптаған блогер Николай Гиньятовты сотқа беріп, жеңіп шыққан болатын. Ол әкім орынбасары болғанға дейін, 2024 жылдың шілдесіне дейін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасын басқарған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий