Құрылтай сайлауында алғашқы нәтиже: Қай өңірде халық белсенді?

23.08.2026 10:16 Қарақат АСЫЛОВА
Құрылтай сайлауында алғашқы нәтиже: Қай өңірде халық белсенді?
179
Фото: Masa.Media

Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау жалғасып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 17,96%-ы дауыс берген.

Ең жоғары көрсеткіш Қызылорда облысында — 22,91%, ал ең төменгі көрсеткіш Алматы қаласында — 9,96% тіркелді.

Осы ретте ҚР Ішкі істер министрлігі елдегі жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Министрліктің ресми өкілі Шыңғыс Алешевтің айтуынша, қазіргі таңда елдегі ахуал тұрақты, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілері тіркелмеген.

Полицияның басты міндеті — дауыс беру басталған сәттен бастап сайлау аяқталғанға дейін қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сайлау учаскелері алдын ала тексеріліп, тәулік бойы күзетке алынған. ІІМ-де жедел штаб жұмыс істеп, өңірлерден ақпарат онлайн режимде үздіксіз түсіп жатыр.

Сонымен қатар Шыңғыс Алешев полиция қызметкерлерінің сайлау процесіне араласпайтынын атап өтті. Полиция қызметкері дауыс беру залына тек учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы шақырған жағдайда ғана кіре алады.

Сайлау барысындағы жағдай мен дауыс беру белсенділігі туралы ақпарат жаңартылып отырады.

Войдите, чтобы оставить комментарий