«Жомарт» кенішіне заманауи бұрғылау қондырғысы әкелінді
«Қазақмыс» кеніштеріндегі ескі жабдықтарды жаңартып жатыр. Компанияға қарасты «Жомарт» кенішіне Epiroc Boomer M1 өздігінен жүретін жаңа бұрғылау қондырғысы жеткізілді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл техника жер астында жарылыс жұмыстарын жүргізер алдында тау жынысын бұрғылауға арналған. Қондырғы гидравликалық бұрғылау жүйесімен жабдықталған. Соның арқасында қажетті теспелерді белгіленген тәртіппен әрі дәл бұрғылауға болады. Компанияның мәліметінше, бұл кен қазу жұмысын жылдамдатып, адам еңбегін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
«Қазақмыс» биыл тау-кен жабдықтарын жаңартуға қомақты қаржы қарастырған. 2026 жылы жаңа техника сатып алуға 21,1 млрд теңге, оның ішінде 21 бұрғылау қондырғысына 4,65 млрд теңге бөлінген.
Компания жаңа жабдықтар өндірістегі жұмысты механикаландырып, техниканың сенімділігін арттыруға және кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесетінін мәлімдеді.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін жер астындағы геологиялық барлау жұмыстарына арналған тағы үш Diamec PHC 4 бұрғылау қондырғысын жеткізу жоспарланған.
Соңғы жаңалықтар