Қырғызстан жеңілісін мойындады: Қазақстан көшпенділер ойындарында бірінші орын алды

07.09.2026 16:38 Әсел МҰРАТ
Қырғызстан жеңілісін мойындады: Қазақстан көшпенділер ойындарында бірінші орын алды
268
Фото: ашық дереккөз

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпыкомандалық есебінде Қазақстан құрамасы бірінші орын алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, үлкен спорттық мерекеге айналды.

«Командалық есепті шығару кезінде медальдарды санауға байланысты ғана техникалық мәселе туындады. Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстан Республикасының үш спортшысына тиесілі медальдардың әрқайсысын жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленді. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз!» – деп жазды Асхат Алагөзов.

Ол Қырғызстан спортшыларының да жарыста лайықты өнер көрсетіп, күш-жігері мен шеберлігін танытқанын атап өтті.

Алагөзовтің пікірінше, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ең басты жетістігі – жарыстардың өзара құрмет пен адал бәсекелестік қағидаттары негізінде өтуі.

«Бұл ойындардың басты жеңісі – жарысты өзара құрмет пен адал бәсекелестік рухында өткізе алғанымыз», – деді Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы.

Бішкекте өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейін еліміздің спорт министрлігі Қазақстан құрамасы 74 медальмен жалпы есепте бірінші орын алғаны хабарлаған еді. Қазақстандық спортшылар 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль жеңіп алған.

Алайда кейін World Nomad Games 2026 ойындарының ресми Instagram парақшасында басқа медаль кестесі жарияланды. Онда Қырғызстан 30 алтын, 29 күміс және 13 қола медальмен бірінші орынға шықса, Қазақстан 20 алтын, 16 күміс және 19 қола медальмен екінші орынға қойылған.

Осы кестеге сәйкес, Қазақстанның жалпы медаль саны бұған дейін жарияланған көрсеткіштен 10 медальға аз болған.

Кейін бұл жазба мен медаль кестесі ресми парақшадан өшірілді.

Осыдан кейін Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі ойындарда елдер арасында ресми медаль рейтингі мүлде жүргізілмейтінін мәлімдеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий