«Қыркүйек» пе, әлде «қыргүйек» пе: Ғылым министрлігі дауға нүкте қойды

09.09.2026 12:16 Мөлдір ҚАЙНАР
«Қыркүйек» пе, әлде «қыргүйек» пе: Ғылым министрлігі дауға нүкте қойды
117
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстан мектептеріндегі дәптерлер мен оқулықтарда «қыркүйек» сөзінің «қыргүйек» деп жазылуына қатысты туындаған қызу талқылауға Ғылым және жоғары білім министрлігі ресми жауап берді, деп хабарлайды tengrinews.kz дерегіне сүйенген Politico.kz.

Ведомство өкілдері «қыргүйек» сөзінің 2013 жылғы қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде бар екенін растады. Алайда бұл сөздікке сүйену министрлік тарапынан жаңа ресми ереже енгізілді дегенді білдірмейді.

"Жекелеген сөздердің жазылуына мұндай өзгерістер енгізу үшін тек Республикалық орфографиялық комиссия бекітетін Қазақ тілінің орфографиялық ережелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Бүгінгі таңда Қазақ тілінің орфографиялық ережелерінде ресми түрде мұндай өзгерістер жоқ", – делінген Ғылым және жоғары білім министрлігінің таратқан хабарламасында.

Бұл мәселеге қатысты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да пікір білдірген еді. Ол ведомство тарапынан ешқандай жаңа норма енгізілмегенін және сөздің бұл жазылу нұсқасын тіл мамандары 1980 жылдардан бері талқылап келе жатқанын алға тартты. Сондай-ақ министр өзі сөзді үйреншікті «к» әрпімен жазатынын айтып, қазіргі жағдайда қос нұсқаны да қате деп кесіп айтуға болмайтынын мәлімдеді.

Ресми өзгеріс бекітілмейінше, негізгі жазу нұсқасы ретінде бұрыннан қалыптасқан «қыркүйек» сөзі қала береді.

Войдите, чтобы оставить комментарий