Кезінде қыруар жалақысы үшін Назарбаевтың бұйрығымен қуылған шенеунік үкіметтің мекемесін басқарып жүр
Осыдан біраз жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жұмыстан босатылған Хайрат Кәрібжанов қазіргі уақытта «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының директорлар кеңесінің төрағасы екені белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz порталы «ПИСЬМА ПРЕЗИДЕНТУ» телеграм арнасына сілтеме жасап.
Ол бұл мекемеге 2023 жылдың қараша айында тәуелсіз директор ретінде келген. Ал биылғы жылдың мамырынан бастап «QazTrade» акционерлік қоғамының бас директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалып, кадрлар және сыйақылар комитетін де басқарып отыр.
Сонымен қатар Хайрат Кәрібжанов тәуелсіз директорлар қауымдастығының мүшесі саналады.
Еске салайық, 2006 жылдың қыркүйек айында Қауіпсіздік кеңесінің отырысында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі үкімет басшысы Даниал Ахметовке «Қазақтелеком» компаниясының басшысы Хайрат Кәрібжановты қызметінен босатуды тапсырған еді.
Назарбаев оның жұмыс істеуге моральдық құқығы жоқ екенін айтып, айына $364 мың көлеміндегі жалақысы мен $2 млннан асатын жылдық сыйақысына қатаң наразылық білдірген болатын.
«"Қазақтелеком" компаниясының президенті жұмыстан тез арада босатылсын. Озбырлыққа бой алдырғандардың бәріне ақшаны өз бетімен қайтаруға нұсқау берілсін. Қайтармағандарды жеке тізімге қамтып, баспасөз беттерінде жариялау керек. Артынан заңды түрде тексеру жүргізілетін болады», – деді сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы жиынның ертеңінде Хайрат Кәрібжанов өзіне бонус ретінде берілген қаражатты мемлекетке қайтарып берді. Ұлттық компанияны 6 жыл басқарған ол қызметінен кеткен соң «Қазинформтелеком» мекемесіне ауысқан еді.
Бүгінде Хайрат Кәрібжанов басқаратын «QazTrade» орталығы Сауда және интеграция министрлігіне қарайтын ұлттық институт болып табылады. Жақында осы мекеменің түрлі іс-шараларға 151 млн теңге жұмсауды жоспарлап отырғаны анықталды.
Соңғы жаңалықтар