Қытай халқы азайып барады
Қытай үкіметі демографиялық дағдарысты шешу үшін түрлі қаржылай ынталандыру шараларын қабылдағанымен, 2025 жылы ел халқының саны төртінші жыл қатарынан қысқарды, деп хабарлайды Politico.kz порталы BBC-ге сілтеме жасап.
Дүйсенбі күні жарияланған ресми деректерге сәйкес, 2025 жылдың соңында Қытай халқы 3,39 миллион адамға азайып, жалпы саны 1,4 миллиардты құрады. Елдегі туу көрсеткіші әр 1000 адамға шаққанда 5,63-ке дейін төмендеді. Бұл Коммунистік партия билікке келген 1949 жылдан бергі ең төменгі нәтиже ретінде тіркелді. Ал өлім-жітім керісінше өсіп, 1968 жылдан бергі ең жоғары деңгейге – 1000 адамға 8,04-ке жетті.
БҰҰ сарапшылары Қытай халқының саны ары қарай да кеми береді деп болжайды. Олардың есебінше, 2100 жылға қарай ел халқы қазіргі деңгейден екі есеге азаюы мүмкін.
Бұл әлемдегі екінші экономика үшін үлкен қауіп: жұмыс күші азайып, тұтыну нарығы әлсірейді. Ең бастысы – зейнетақы жүйесіне түсетін салмақ артпақ. Қытайлық әлеуметтік ғылымдар академиясының мәліметінше, зейнетақы қоры таусылуға жақын, ал қарттар саны жыл санап артып барады.
Соңғы жаңалықтар