Қытайда $323 млн пара алған шенеунік өлім жазасына кесілді
Қытай соты 2,2 млрд юань немесе шамамен $323,8 млн көлемінде пара алған Нанкин экономикалық аймағының бұрынғы басшысының орынбасары Ян Юлинге өлім жазасын тағайындады. Бұл туралы South China Morning Post жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Цзянсу провинциясында шыққан сот үкіміне сәйкес шенеуніктің жемқорлық әрекеттері 1993 жылдан 2023 жылға дейін жалғасқан. Ол 30 жыл бойы өз лауазымын асыра пайдаланып, құрылыс келісімшарттарын бекіту мен жер телімдерін беру арқылы заңсыз табыс тауып келген. Бұдан бөлек мемлекет қаржысын жымқырып, ақша жылыстатқан деген айыптар дәлелденді. Енді оның барлық дүние-мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленіп, өзі өмір бойына саяси құқықтарынан айырылады.
Ян Юлин тергеу барысында басқа да қылмыстарды ашуға көмектесіп, сотта кінәсін толық мойындаған. Алайда сот оның әрекеттеріне ешқандай жеңілдік жасауға болмайды деп шешті.
Сот мәлімдемесінде параның аса ірі көлемі, қылмыстың ауырлығы және мемлекетке келтірілген орасан зор шығын оған кешіріммен қарауға мүмкіндік бермейтіні айтылған.
Қытайда экономикалық қылмыстар үшін өлім жазасы өте сирек қолданылатынына қарамастан, соңғы жылдары ірі көлемде пара алған бірнеше шенеунікке осындай қатаң жаза кесілген. Мәселен 2024 жылдың желтоқсанында 3 млрд юань жымқырған Ли Цзяньпинге, ал 2025 жылдың желтоқсанында 1,1 млрд юань пара алған Бай Тяньхуэйге қатысты өлім жазасы орындалды.
Еске салайық, осыған дейін Қытайда $19 млн пара алған тағы бір шенеунікке қатысты тура осындай үкім шыққан болатын.
Соңғы жаңалықтар