Қытайда танымал продюсерді улаған қызметкерге өлім жазасы орындалды
Қытайда танымал Yoozoo Games компаниясының бұрынғы топ-менеджері Сюй Яо өз басшысы әрі Netflix-тің "Үш дене міндеті" сериалының продюсері Линь Циді улап өлтіргені үшін өлім жазасына кесілді, деп хабарлайды BBC.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, басшысы өлерінен сәл бұрын Сюй Яоның жалақысын қысқартып, оны киноөндірісіне қатысты істерден шеттеткен. Осыған кектенген қызметкер әріптестерінің тамағы мен сусынына у қосқан. Салдарынан төрт адам ауруханаға түсіп, 39 жастағы Линь Ци тоғыз күннен кейін көз жұмған. Күдікті бірнеше күн ішінде қамауға алынып, биыл наурызда сот оған ең ауыр жаза тағайындады, ал 21 мамырда бұл үкім толық орындалды.
Марқұм басқарған компания әділдік орнағанын мәлімдеп, қайғылы жағдайға қатысты ресми пікір білдірді.
«Біз Линь мырзаның қазасына қатты қайғырамыз және оның отбасына шын жүректен көңіл айтамыз», – деді компания басшылығы.
Айта кетейік, Линь Ци 2009 жылы құрған компания бірнеше әлемдік онлайн-ойын шығарып, кейін киноөндіріспен айналыса бастаған. Netflix платформасында үлкен сұранысқа ие болған "Үш дене міндеті" жобасында марқұмның есімі атқарушы продюсерлер қатарында көрсетілді, ал оның қаза болған сәттегі байлығы 941 млн $ көлемінде бағаланған.
Соңғы жаңалықтар