"Қыз ұзату деген той мүлде болмаған": тарихшы қазақтың той дәстүрі туралы айтты

14.08.2026 14:05 Мөлдір ҚАЙНАР
362
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Тарихшы әрі қоғам белсендісі Жұмамұрат Шәмші қазақта ертеректе қыз ұзату тойы болмағанын айтып, қазіргі той өткізу үрдісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz Caravan.kz медиа порталына сілтеп.

Ол «Қазір айтайық» ток-шоуында бұрынғы және қазіргі тойлардың айырмашылығына тоқталды.

"Мен кішкентай кезімде қазақтар тек сенбі, жексенбі күндері ғана тойлайтын. Қалған бес күнде мүлде той жасамайтын. Қыз ұзату деген той мүлде болмаған. Оны 2010 жылдан бері қарай естідім. Оның алдында қыз бен жігіт жақ қосылып, бірге үйлену тойын жасайтын. Сүндет той, бесік той, тілашар, 50, 60 жас, күміс той, алтын той, мектепке бару, мектепті бітіру, әскерден келу деген тойлар толып кетті. Өкінішке қарай, түсініп болмайсың. Маңғыстауда біреу «қажылыққа 100 рет бардым» деп 500 адам жинап, той жасады", – деді тарихшы.

Қоғам белсендісінің бұл ойына желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі бұра тартылған тойлардың санын азайту керек дегенді қолдаса, енді бірі қыз ұзату дәстүрінің бұрыннан бар екенін айтып, тарихи дерексіз тұжырым жасауға болмайтынын атап өтті.

Войдите, чтобы оставить комментарий