Қызға таласқан жасөспірімдердің төбелесі екі баланың өлімімен аяқталды

01.05.2026 17:24 Арман Ермеков
Қызға таласқан жасөспірімдердің төбелесі екі баланың өлімімен аяқталды
314
Коллаж Politico.kz

Алматыда компьютер клубынан басталған жасөспірімдер арасындағы төбелестен екі бала пышақталып көз жұмды. Полиция күдіктілерді қамауға алды, деп хабарлайды Politico.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Алматыда жасөспірімдер арасындағы жанжал екі бозбаланың өлімімен аяқталды. Күні кеше түнде компьютер клубынан басталған даудың соңы көшедегі жаппай төбелеске ұласқан. Алдын ала болжам бойынша бұл кикілжіңге қызға таласу себеп болған.

Қазіргі уақытта оқиғаға қатысы бар 10-нан астам жігіт анықталып, пышақ сұққан екі күдікті қамауға алынды. Қалғандары да тергеліп жатыр. Марқұм болған 17 жастағы Ешім Қалдыбайдың туыстары кінәлілердің әділ жазасын алуын талап етіп отыр.

Оқиға түнгі уақытта болған. Компьютер клубынан шыққан жасөспірімдер достарын шақырып, көшеде сөзге келіспей, арты пышақтасуға ұласқан. Жүрек тұсынан ауыр жарақат алған екі бала қайтыс болды. Солардың бірі – 17 жастағы Ешім Қалдыбай.

Анасы Әйгерім Тәуекелова ұлының қазасына сене алар емес. Ол кеше кешке 13 жастағы інісін ертіп компьютер ойнауға кетіп, қайта оралмаған.

«Екеуі бірге кеткен, компьютер клубына, ортаншы ұлым да жүрген. Хабарласа алмаған. Төбелестен шошығаннан қашып кеткен. Болды, одан кейін хабар келген жоқ. Ол да хабарласпады, телефон да жоқ. Шошыған, сонымен ол іздеген. Таңертең сағат 9-дан аса хабар келді, қызым хабарласты. "Мама, папа хабарласып тұр, Қалқаманның ауруханасына тез барыңызшы, Ешка сол жақта, пышақтап тастапты" деді», – деді марқұмның анасы Әйгерім Тәуекелова.

Ешім отбасының тұңғышы болған. Ол 9-сыныпты бітірген соң колледжге түсіп, бос уақытында қосымша жұмыс істеген екен. Қара жамылған анасы ұлының өлімі туралы хабардың тым кеш жеткеніне налиды.

«Баламның жүрегіне тигізіп, одан кейін қанша жерден екенін әлі көрген жоқпын. Жүрегінде жарақат дейді, соны ғана білемін. Бірақ қансырап ауруханаға түскенде құтқара алмаған, неге хабарламаған? Неге уақтылы хабарламады? Мүмкін аман қалар ма едік? "Мама, қанша ақша керек, Меккеге бару үшін, анашым, Меккеге жіберем" дейтін, балапаным», – деді Әйгерім Тәуекелова.

Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен тергеліп жатқан оннан астам жігіттің барлығы колледж студенттері және басым көпшілігі кәмелетке толмаған.

Алматы қалалық Полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде барлық күдіктілер анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталып, полицияға жеткізілді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында олардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріліп, оқиғадағы рөлі мен қатыстылық деңгейі айқындалады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу барысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Алматы қаласы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – деп мәлімдеді полицияның баспасөз қызметі.

Қазір құзырлы органдар төбелестің нақты себебін анықтап жатыр. Ал көз жұмған Ешім Қалдыбайдың денесі бүгін жер қойнауына тапсырылмақ. Марқұмның жақындары кінәлілердің заң алдында жауап беруін күтуде.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий