Қызылорда облысында жоғалған 6 жастағы қыз екінші тәулік іздестіріліп жатыр
Қызылорда облысында 5 маусым күні жоғалып кеткен 6 жастағы Медина Мұратбекқызын іздеу жұмыстары екінші тәулікке жалғасуда, деп хабарлайды Politico.kz.
Бүлдіршінді табуға ондаған маман мен арнайы техника жұмылдырылған. Полицияның мәліметінше, Медина 5 маусым күні сағат 18:30 шамасында Сырдария өзенінің жағалауындағы бөгетке жақын орналасқан «Рисмаш» ауданындағы үйінен ойнауға шығып, қайта оралмаған.
Жоғалған кезде қыз бала гүлді суреті бар ашық жасыл түсті футболка, ақ шолақ шалбар және көк түсті аяқкиім киген болған.
Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар мамандары, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, еріктілер, туыстары мен жергілікті тұрғындар қатысуда. Қызды іздеу жер үстінде, су айдындарында және әуеден қатар жүргізіліп жатыр.
Операция барысында дрондар, қызметтік иттер мен сүңгуірлер тартылған. Құқық қорғау органдары баланың суреті мен белгілері көрсетілген іздеу парақтарын барлық бөлімшелерге жолдап, іздестіру жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар