Қызылорда полициясы интернет-алаяқтардың жаңа әдістері туралы ескертті

17.11.2025 18:36 Арман Ермеков
Қызылорда полициясы интернет-алаяқтардың жаңа әдістері туралы ескертті
0
116
Фото: polisia.kz

Қызылорда облысының Полиция департаменті тұрғындарға интернет-алаяқтықтың қауіпті түрлері мен олардың ауыр зардаптары туралы ескерту жасады. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары алаяқтардың ақшаны қалай жымқырып, оны шетелге қалай асыратынын және бұл іске қарапайым азаматтарды қалай тартатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды POLITICO саяси-әлеуметтік порталы.

Полицияның мәліметінше, алаяқтардың күрделі схемасында «дропперлер» маңызды рөл атқарады.

«Дропперлер» деген кім? Бұлар – Арсен, Марлен, Қайсар, Айдар, Шерхан секілді өздерінің банк деректемелерін алаяқтарға сатқан немесе әрбір аударымнан комиссия алуға келіскен адамдар.

Нәтижесінде, олардың есепшоттары қылмыстық мақсатта, соның ішінде жәбірленушілерден ұрланған қаражат пен есірткі қылмысынан түскен ақшаны айналдыру үшін пайдаланылады.

Тәртіп сақшылары бұл әрекеттің заң алдындағы жауапкершілігі ауыр екенін қатаң ескертеді: егер банк шотыңызға бейтаныс адамнан ақша түсіп, сіз оны әрі қарай басқа біреуге аударсаңыз, 629 мың теңге айыппұл төлеуіңіз немесе 7 жылға дейін бас бостандығыңыздан айырылуыңыз мүмкін.

Мұндай жағдайда адамның банктік есепшоты дереу бұғатталады, ол жәбірленушіге ақшаны қайтаруға міндеттеледі, полицияның «дроппер» есебіне алынады және бұл болашақта соттылық туралы анықтамада көрініс табады.

«Сондықтан Инстаграм, ТикТок, Фейсбук желілерінде банктік деректемелеріңізді сұрайтын жарнамаларға сенбеңіз. Олар – банк шоттарын жинайтын алаяқтар», — деп атап өтті ведомстводан.

Алаяқтықтың тағы бір кең таралған түрі – «тиімді инвестиция» ұсыну. Бұл схема былай жұмыс істейді:

Сіз Инстаграм, Фейсбук немесе Ютуб желілерінде ірі компанияларға немесе криптобиржаларға ақша салып, оңай байуға шақырған жарнаманы көресіз. Бұл видеолар өте сенімді көрінеді, себебі онда жасанды интеллект көмегімен жасалған, елге танымал тұлғалар сөйлеп тұрады.

Қызыққан адам сілтемеге өтіп, аты-жөні мен телефон нөмірін қалдырады.

Көп ұзамай бейтаныс нөмірден орыс тілінде хабарласқан «менеджер» өзін инвестициялық компанияның өкілімін деп таныстырады. Ол адамды заңды түрде байуға болатынына сендіріп, бастапқыда 50 мың теңге сияқты қомақты емес соманы салуға кеңес береді.

Адам тәуекел етіп, ақшаны айтылған шотқа аударады. Бірнеше минуттан кейін «менеджер» қайта хабарласып, «тапқан пайдаңыз» деп, оның шотына 15 мың теңге қайтарып жібереді.

Дәл осы сәтте жәбірленушінің «көзі байланып», алаяқтарға толық сене бастайды. Әрі қарай ол ставканы көбейтіп, тағы бір-екі рет «пайыз» алуы мүмкін (бұл негізінен оның өз ақшасының бір бөлігі ғана).

Соңында елігіп, қомақты қаражат салып жібергенін байқамай, барлық ақшасынан айырылады. Ал «менеджер» байланысты үзіп, ғайып болады.

Алаяқтардың тағы бір жиі қолданатын тәсілі – адамды алдап-қорқыту арқылы несие алдыру.

Бұл схемада да алаяқтар алдымен орыс тілінде қоңырау шалады. Олар өздерін «Казпочта», ұялы байланыс операторы, емхана, су немесе жарық жүйесі, тіпті салық бөлімінің қызметкеріміз деп таныстырады. Белгілі бір қызметті көрсету үшін олар телефонға СМС-код жіберіп, сол кодты айтуды сұрайды.

Ойында ештеңе жоқ адам кодты айтып, тұтқаны қояды.

Дәл осыдан кейін басқа нөмірден «Ұлттық банк» немесе «Полиция қызметкері» қоңырау шалады. Олар: «Сіз жаңа ғана алаяқтарға СМС-код айтып қойдыңыз! Олар сіздің атыңызға қомақты несие рәсімдеп жатыр!» деп қорқытады.

Алаяқтар бұл «несиені тоқтатып», ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудару керек деп сендіреді. Қатты қорыққан адам алаяқтардың айтқанын орындап, өзіне-өзі несие рәсімдеп, ақшаны шетелдік шоттарға аударып жібереді.

«Шын мәнінде, банк СМС-код арқылы ешқашан несие бермейді. Несие алу үшін фото-видео верификациядан өту қажет. Бұл – алаяқтардың адамды алдап-қорқыту тәсілі. Ең бастысы қорықпаңыз, сенбеңіз, аударым жасамаңыз», — дейді киберполиция мамандары.

Киберполиция тағы да еске салады:

  • Танымайтын нөмірден орыс тілінде хабарласса, күмәнмен қарап, сақ болыңыз.
  • «СМС-код айтып қойдыңыз» десе қорықпаңыз, бұл – несие алу үшін жеткіліксіз.
  • Инстаграм, Фейсбук, Ютуб желілеріндегі «ақша көбейтемін» деген жарнамалардың барлығы дерлік – алаяқтық.
  • Банктік деректерді ешкімге бермеңіз және бөтен сайттарға енгізбеңіз.
  • Интернеттегі арзан тауар, көлік немесе пәтер туралы хабарландыруларға алданбаңыз. Алаяқтар сізді асықтырып, алдын ала төлем жасатып, жоқ болып кетеді.

«Жақыныңа жанашыр бол – осы сақтық шаралары туралы айта жүр. Алаяқтарға бірге тосқауыл болайық!» — деп үндеу тастады полиция өкілдері.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий