"Қызымды танымай қалдым": Ұлдана Мырзуанның анасы сотта жылап қалды

20.08.2026 15:06 Мөлдір ҚАЙНАР
57
Фото: видеодан скриншот

Астанада қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша сотта марқұмның анасы Сәлима Ешенқұлова-Омарова куәлік беріп, қайғылы күннің мән-жайын еске алды, деп хабарлайды Politico.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп.

Қара жамылған ана мінберге шыққан сәтте көз жасына ерік беріп, оқиға болған күні қызымен таңертең бейнеқоңырау арқылы сөйлескенін жеткізді.

"Сол күні мен Шымкентке азық-түлік сатып алуға баруым керек еді. Таксиге отырып, қызыммен телефон арқылы сөйлестім. Ол шақырту келіп түскенін айтты. Дүкенге кіріп, кассаға бара жатқанда құдағи, яғни Әділеттің анасы екі-үш рет қоңырау шалды. Даусы біртүрлі болып естілді, мен бірдеңе дұрыс емес екенін сездім. "Тыныштық па?" десем, "Жоқ, үстіне қабырға құлап кеткен" деді. Шақыртудан соң дүкенге кіріп, сондағы шкаф құлады ма деп ойлаппын", – деді марқұмның анасы.

Хабарды ести сала дереу Астанаға жеткен әйел реанимациядағы қызының жағдайын көріп есеңгіреп қалғанын айтты.

"Операциядан енді шыққан екен. Реанимацияда болғандықтан, алғашында кіргізбеді. Таңда кіруге рұқсат берді. Қатар жатқан адамдардың ішінен қызымды таппай қалдым. Қасымда тұрған қызымды да тани алмадым. Үш ұйықтасам да, мынандай болады деп ойламаппын. "Қызым, маған хабарласамын деп едің ғой, неге олай еттің" деп жылай бердім. Қызыма көп нәрсе айтқым келді, оны сүйгім келді. Бірақ ол мені естімей жатқанын түсіндім", – деді жәбірленуші.

Войдите, чтобы оставить комментарий