«Қызымнан бірінші өмірден өтпесем деп тілеймін»: танымал актер жан сырын ақтарды

20.11.2025 10:41 Мөлдір Талғат
«Қызымнан бірінші өмірден өтпесем деп тілеймін»: танымал актер жан сырын ақтарды
0
173
Фото: ашық дереккөз

«Өнер Қырандары» театрының актері Құдырет Топаев ерекше күтімді қажет ететін қызы үшін қатты алаңдайтынын айтып, көзіне жас алды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Әртіс өз сөзінде ата-ананың балаға жасайтын қамқорлығын ешкімнің алмастыра алмайтынын атап өтті.

«Қызымның жайын менен артық ешкім түсіне алмайды. Сол үшін әр күні Алладан өзіме ұзақ өмір, қызымды өз қолыма аман қалдыруын тілеймін. Бұл – менің ең нәзік тұсым. Қазір ата-әжелері қарап жүр, бірақ олардың да жасы келе жатыр. Ең қиыны – ата-ана ерте кетсе, біздің орнымызды ешкім баса алмай қалуы мүмкін», – деді ол.

Құдырет Топаев қызы Хафизаның болашағы үшін ұлдарын да жауапкершілікке баулып жүргенін айтты.

«Үлкен ұлыма да, кішісіне де ‘Хафиза – сендердің аманаттарың’ деп айтып отырамын. Алладан оған серік сұрадым. Қазір Маруам деген кішкентай қызымыз бар. Кеше Хафизаны көтеріп жатқызып жатқанда, Маруам жүгіріп келіп әпкесінің аяқ киімін шешіп, сүйіп жатыр. Сонда ‘Аллам, мен сұрағаным осы еді’ деп ойладым. Балалардың санасында ‘бәріміз Хафизаны жақсы көруіміз керек’ деген түсінік қалыптасып келеді», – дейді актер.

Әртіс бұл жайлы айту да, Алладан мұндай тілек сұрау да өзі үшін оңай еместігін жасырмады.


---

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий