«Қызымызды қойша бауыздап өлтірді»: Айгүл Сайлыбаеваның ата-анасы сұхбат берді

08.06.2026 17:21 Мөлдір ҚАЙНАР
«Қызымызды қойша бауыздап өлтірді»: Айгүл Сайлыбаеваның ата-анасы сұхбат берді
499
Фото: ашық дереккөз

Ресейлік журналист Ксения Собчак Германияда қаза тапқан қазақстандық, бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваға арналған жаңа зерттеуін жариялады. Онда тергеудің жаңа деректері, сот-медициналық сараптама қорытындылары және іс бойынша негізгі фигуранттардың қазіргіжағдайы туралы мәліметтер айтылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бағдарламадағы ең ауыр сәттердің бірі марқұмның анасы Шолпан Батқалованың қызының өліміне қатысты сараптама нәтижелерін баяндауы болды.

«Сараптама қорытындысы бар. Қызымның денесінен 30-дан астам пышақ жарақаты анықталған. Басының артқы тұсына екі рет соққы жасалған, бір терең жарақаты болған. Сараптама қорытындысында оның алдымен есінен танып, кейін қойша бауыздалғаны жазылған. Әрі қарай бөлшектеп, басын кесіп тастағысы келген болуы мүмкін. Басына қышқыл немесе химиялық зат құйылған сияқты. Себебі шашы жоқ болған, көздері де көрінбеген», – деді марқұмның анасы.

Шолпан Батқалова қызының бұрын енесі Наталья Донцоваға қатысты шағымданғанын да еске алды.

«Айгүл маған Наталья Николаевнаның үнемі мін тағатынын айтатын. Тамақты дұрыс істемейсің, үйді дұрыс жинамайсың, баланы дұрыс тәрбиелемейсің, күйеуіңе дұрыс қарамайсың деп кінәлайтын. Сонда мен оған: "Ол – күйеуіңнің анасы, сыйла, үндеме, ұнамаса өзіңше істе" дегенмін. Қазақы тәрбиемен солай айттым. Егер бәрі осылай аяқталатынын білсем, олай демес едім», – деді ол.

Айгүлдің құрбысы Малика Текенова да соңғы уақытта оның мінез-құлқы өзгергенін айтты.

««Онымен сөйлесу қиын болып кетті. Қоңырау шалсаң – ыңғайсыз, жазсаң да ыңғайсыз болатын», – дейді құрбысы.

Марқұмның отбасының адвокаты Жанна Оразбахова қылмыстың қалай жасалған болуы мүмкін деген нұсқаны айтты.

«Жертөледен қан іздері табылды. Күрес пәтердің ішінде болғанға ұқсайды, кейін мәйіт жертөлеге жасырылған. Көршілер де шу естігендерін айтқан. Айгүл жеті айлық жүкті болған. Оны итеріп құлатқан болуы мүмкін. Наталья Донцова жалғыз өзі мәйітті төменге түсіре алмас еді. Сондықтан Александр Донцовтың бұл іске, кем дегенде қылмыстың ізін жасыруға қатысы бар деп есептейміз. Сараптамаға сәйкес, пышақ жарақаттарымен қатар оның желке тұсына ауыр затпен де соққы жасалған. Бір уақытта адамның ішіне пышақ сұғып, артынан басқа біреудің желкесінен ұруы мүмкін емес», – деді адвокат.

Айгүл Сайлыбаева 2024 жылдың маусымында Германияның Бенсхайм қаласында өлтірілген. Тергеу басталғаннан кейін неміс полициясы негізгі күдікті ретінде марқұмның енесі Наталья Донцованы қарастырған. Алайда ол сол уақытта Германиядан кетіп үлгерген.

Бағдарламада Айгүлдің күйеуі Александр Донцовқа да ерекше назар аударылды. Мәлімет бойынша, әйелі жоғалғаннан кейін ол полицияға арыз жазбаған. Сонымен қатар, әйелінің өлімінен жарты жыл бұрын қыздарына Ресей азаматтығын рәсімдеуге әрекет жасағаны белгілі болған.

Кейін Александр Донцов қызын алып Германиядан кеткен. Қазір ол да, анасы Наталья Донцова да Ресейде жүр.

««Қазір Александр мен Наталья Донцовтар Мәскеуде емін-еркін өмір сүріп жатыр. Екеуі де халықаралық іздеуде болғанымен, Александр белгілі мәскеулік жоғары оқу орындарының бірінде жұмыс істейді», – деді Ксения Собчак.»

Журналистің айтуынша, тергеуді қиындатып отырған негізгі мәселенің бірі – Ресей мен Еуроодақ елдерінің 2022 жылдан бері қылмыстық істер бойынша іс жүзінде ынтымақтастық жасамауы.

Айгүлдің туыстары жоғалғаннан кейінгі алғашқы күндер маңызды дәлелдерді сақтап қалу үшін шешуші кезең болғанын айтады. Ал адвокаттар қылмысқа марқұмның жақын ортасындағы бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны ұстанып отыр.

Еске салайық, Айгүл Сайлыбаева 2024 жылдың 3 маусымында хабар-ошарсыз кеткен. Біраз уақыттан кейін оның денесі Бенсхайм қаласының маңындағы карьерден қапқа салынған күйде табылған. Марқұмның қолында, мойнында және бетінде пышақ жарақаттары болған.

Войдите, чтобы оставить комментарий