"Қызыңның сүйегін алып кет": түскеніне үш күн болған жас келін қайтыс болды
Өзбекстанның Ташкент облысында жас келіннің үш-ақ күн бұрын ұзатылып, күтпеген жерден көз жұмуы қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қайғылы жағдайдан кейін марқұмның анасы телешоу барысында қызының қасақана буындырылып өлтірілгенін айтып, істің қайта қаралуын талап етті. Оның айтуынша, жалғыз қызын Келес қаласындағы ауқатты отбасыға ұзатқан. Әйел қызын ұзатуға барынша дайындалып, жақсы той жасауға тырысқанымен, бар болғаны үш күннен соң “қызыңның сүйегін алып кет” деген хабар алғанын айтып, бұл жағдайдың жанға батқанын жеткізді.
Анасының сөзінше, қызы үйленген соң өз-өзіне риза болып, бақытты екенін айтып, видео арқылы туыстарына қуанышын бөліскен. Сондықтан оның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес деп есептейді. Ал енесі болса, ешкімнің кінәсі жоқ екенін айтып, сол күні үйде ешкім болмағанын және келіннің түскеніне небәрі үш күн ғана болғанын алға тартқан.
Марқұмның отбасы махаллада сыйлы, ал анасы екі баласын жалғыз өзі бағып өсіргені белгілі. Өзбекстан Бас прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде марқұмның денесінде тұншығу белгілері анықталмағанын хабарлады. Тергеуге дейінгі тексеру барысында қылмыс құрамы табылмағандықтан, қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған. Алайда бұл оқиға қоғамда қыз-келіншектердің қауіпсіздігі, тұрмыстық қатынастардағы әділдік пен әйелдер құқығы туралы талқылауды күшейтті.
Соңғы жаңалықтар