RAMS атауы өшіріліп жатыр: миллиондап ақша құйғандар енді кімнен жауап алады?
Әлеуметтік желі қолданушыларының ірі құрылыс компаниясының елден кетуі мүмкін деген болжамдарына байланысты ресми мәлімдеме жасалды. Құрылыс салушы барлық міндеттемелердің орындалатынына сендіріп, өзгерістердің себебін түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.
2025 жылдың қараша айының ортасында интернет кеңістігінде «RAMS Qazaqstan» компаниясының Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің қасбеттері мен жарнамалық тақталарынан өз атауы мен белгілерін өшіре бастағаны туралы ақпарат тарады. Сонымен қатар құрылыс салушының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларының қолжетімсіз болып қалуы үлескерлер арасында үрей туғызып, компанияның нарықтан кетуі мүмкін деген қауесетке негіз болды.
Алайда 17 қарашада компания өкілдері ресми мәлімдеме жасап, жарнама мен аккаунттардағы өзгерістердің нарықтан кетумен байланысы жоқ екенін жеткізді. Таратылған ақпаратқа сәйкес қазіргі уақытта фирмалық стиль жаңартылып, цифрлық ресурстарда техникалық баптау жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік желідегі парақшалардың уақытша тоқтатылуы да осы ребрендинг процесімен түсіндірілді. Құрылыс компаниясы үлескерлер мен инвесторлар алдындағы барлық міндеттемелер толық көлемде орындалатынын және нысандардағы жұмыс инженерлік-техникалық мамандардың бақылауымен штаттық режимде жалғасып жатқанын хабарлады.
Ресми расталған жалғыз өзгеріс даулы «Beyond Almaty» жобасына қатысты болып шықты. Компания сайтындағы ақпаратқа қарағанда олар қыркүйек айында қырық қабаттық кешеннің бас мердігері міндетінен босатылған. Енді бұл нысанның құрылысын тапсырыс беруші саналатын «BR Construction Qazaqstan» серіктестігі жүргізеді. «RAMS» өкілдері девелопмент саласындағы басқа бастамаларға шоғырланатынын және Алматының болашағына сапалы тұрғын үй және коммерциялық нысандар арқылы инвестиция салуды жалғастыратынын атап өтті.
Билік өкілдері мен депутаттар құрылыс алпауытының елден кететіні туралы ақпаратты растаған жоқ. Алматы қаласының әкімдігі компанияның басқа жобаларының тоқтатылғаны жөнінде мәлімет түспегенін, тек «Beyond Almaty» бойынша тексеріс жүргізілгенін хабарлады. Мәселені көтергендердің бірі Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бұл әрекеттердің астарында қарапайым ребрендинг немесе айла-шарғы жатуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Соңғы жаңалықтар