Тағы бір қызметкердің өлімі рас па? ДДСҰ Ресейден обаға қатысты түсініктеме сұратты

07.10.2026 • 19:42 Қарақат АСЫЛОВА
Тағы бір қызметкердің өлімі рас па? ДДСҰ Ресейден обаға қатысты түсініктеме сұратты
380
Ашық дереккөз

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ресейден Иркутскідегі обаға қарсы күрес институтының қызметкері қайтыс болған жағдайға қатысты қосымша ақпарат беруді сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустың айтуынша, ұйым қызметкердің ауыр пневмониядан қайтыс болу себебін, ауруға қандай қоздырғыш себеп болғанын және осы жағдайға байланысты қабылданған қоғамдық денсаулық сақтау шараларын нақтылауды көздеп отыр.

Сонымен қатар ДДСҰ Ресейден институттың тағы бір қызметкерінде себебі анықталмаған пневмония болғаны туралы ақпаратты тексеруді сұраған.

Ұйым басшысы жағдайға қатысты қарама-қайшы мәліметтерді нақтылау үшін ақпараттың уақытылы әрі толық берілуі маңызды екенін атап өтті. Бұл ықтимал қауіптерді бағалауға мүмкіндік бермек.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, Мәскеу ДДСҰ-ға белгіленген тәртіпке сәйкес қажетті ақпаратты ұсынған. Ал институттың екінші қызметкерінің денсаулығына қатысты сұраққа ол Ресейдің тұтынушылар құқығын қорғау және адам әл-ауқатын бақылау жөніндегі федералдық қызметінің (Роспотребнадзор) мәліметтеріне сүйенуге шақырды.

Песков бұған қоса аталған жағдайға байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында шындыққа сәйкес келмейтін көптеген мәлімет тарағанын айтты.

Reuters агенттігі Сібірде оба ауруынан екінші адам қайтыс болды деген ақпараттарды да тексерген. Агенттік бұл деректі растайтын ресейлік БАҚ жарияланымдарын немесе екінші өлім фактісін дәлелдейтін мәліметтерді таппаған.

Войдите, чтобы оставить комментарий