Джеки Чанмен кездескен вице-президентке жұрт неге наразылық білдірді?

07.10.2026 • 20:19 Қарақат АСЫЛОВА
Джеки Чанмен кездескен вице-президентке жұрт неге наразылық білдірді?
379
Фото: Ақорда

Қазақстанда вице-президент Ерлан Қариннің шетелдік киножоба түсірілім тобы және танымал актер Джеки Чанмен кездесуі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Жұртшылықтың наразылығына оның Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан қаза тапқан 14 сарбаздың жақындарымен кездеспегені себеп болған.

Бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ерлан Қарин халықаралық киножоба түсірілім тобының өкілдерімен кездесті. Кездесуге әлемге әйгілі режиссер әрі актер Джеки Чан, сондай-ақ шетелдік және қазақстандық продюсерлер Эсмонд Рен, Рустем Омаров, Игорь Цай және Орынбасар Құдайбергенов қатысты.

Кездесу барысында халықаралық кинематография саласындағы ынтымақтастық, Қазақстанда бірлескен киножобаларды жүзеге асыру және кино өндірісіне жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланған.

Алайда бұл кездесу әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігінің сынына ұшырады. Олар вице-президенттің шетелдік кино жұлдызымен кездесуге уақыт тапқанымен, Каспийдегі қайғылы оқиғадан қаза тапқан сарбаздардың отбасыларымен жеке жүздесуге бармағанын сынға алды.

Жұртшылықтың пікірінше, мұндай ауыр жағдайдан кейін мемлекеттік қызметкер ең алдымен қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналары мен жақындарының жағдайын сұрап, олармен жүзбе-жүз кездесуі керек еді.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысы жағалауында әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы жағдай болып, нәтижесінде 14 әскери қызметші қаза тапқан еді. Осыдан кейін ел көлемінде көңіл айту шаралары өтіп, оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Ал Ерлан Қариннің Джеки Чанмен кездесуінде Қазақстандағы киноиндустрияны дамыту, креативті индустрияларды қолдау және жасанды интеллектіні кино саласында пайдалану мәселелері сөз болған.

Войдите, чтобы оставить комментарий