Ресей АЭС салуға несие береді
Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев станция құрылысына Ресейден мемлекетаралық несие алу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Сәтқалиевтің сөзінше, құрылысты қаржыландыруда ешқандай қиындық туындамайды. Қазір екі ел қарыз алудың арнайы тетіктерін пысықтап жатыр.
«Бірінші келісім – станция құрылысы туралы, ал екіншісі – ресейлік тараптың ақша бөлуі жайлы. Қаржының 85 пайызы несие ретінде берілсе, 15 пайызын Қазақстан үкіметі шығарады, бұл құжаттар дайын деуге болады», – деді ол.
Жобаның нақты бағасы жоспарлау жұмыстары біткен соң белгілі болады. Әзірге қуаттылығы 1200 мегаватт болатын екі блоктың құны шамамен 15 млрд долларға бағаланып отыр.
Агенттік басшысы бірінші станцияның жұмысы кестеден кешікпей жүріп жатқанын жеткізді. Балқаш маңындағы Үлкен ауылында жобалау жұмыстары толық аяқталды. Оның айтуынша, жобаны дайындау 7 жылға дейін, ал құрылыс 15 жылға дейін уақыт алуы мүмкін.
Сонымен қатар елімізде барлық АЭС-тің қожайыны болатын ұлттық атом холдингі құрылмақ. Ол станцияларды басқарумен және отандық мамандардың үлесін арттырумен айналысады.
Айта кетейік, бұған дейін үкімет АЭС салынуы мүмкін келесі аймақ ретінде Қостанай облысын қарастырып жатқаны хабарланған болатын.
Соңғы жаңалықтар