Ресейдегі жанармай дағдарысы Қазақстанға қалай әсер етеді – сарапшылар жауабы

07.07.2026 11:15 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ресейдегі жанармай дағдарысы Қазақстанға қалай әсер етеді – сарапшылар жауабы
175
Фото: Politico.kz/Абзал Бахытжанов

Ресейдегі жанармай жеткізудегі іркілістер Орталық Азия елдеріне, оның ішінде Қазақстан нарығына да өз әсерін тигізді, деп хабарлайды Politico.kz «Ведомости» басылымына сілтеме жасап.

АҚШ-тың энергетикалық ақпарат басқармасының дерегінше, еліміз тәулігіне 1,2 млн баррельден астам мұнай өндіріп, әлемдегі ірі өндірушілер қатарына кіргенімен, бензин, дизель және авиакеросин бойынша көрші елге тәуелді күйде қалып отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, былтыр Қазақстан Ресейден $2,2 млрд сомасына отын-энергетикалық тауарлар импорттаған.

Ресейдегі логистикалық қиындықтар алдымен құбыр желісіне байланған кәсіпорындарға салмақ салады. Еліміздегі үш ірі мұнай өңдеу зауытының ішінде Павлодардағы кәсіпорын дәстүрлі түрде ресейлік шикізатқа тәуелді. Онда өңделетін 5,5 млн тонна мұнайдың 4,5 млн тоннасы көрші елден келеді. Сондықтан Ресей тарапынан шикізат жеткізудегі кез келген үзіліс еліміздің солтүстік және орталық өңірлерін отынмен қамтуға кері әсерін тигізуі мүмкін. Жағдайды отандық зауыттардағы жоспарлы жөндеу жұмыстары да қиындатуы ықтимал. Энергетика министрлігі inbusiness.kz порталына берген жауабында жылына 5 млн тонна өнім беретін Атырау зауытындағы жөндеу 15 шілдеге дейін, ал Павлодардағы жұмыстар 18 қыркүйектен 17 қазанға дейін жалғасатынын мәлімдеді.

"Бұл зауыттар ел аумағында өте әркелкі орналасқан, сол себепті сыртқы ортаға қарамастан, бұл ара-тұра отынмен қамтамасыз ету мәселесіне алып келуі мүмкін", – деді Ресей ғылым академиясының сарапшысы Станислав Притчин.

PACE Analytics компаниясының директоры Асқар Исмаилов көлік пен тасымал көлемінің артуына байланысты елде жанармай тұтыну күрт өсіп жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, қазіргі зауыттарды жаңғырту резервтік қуатты арттыруға емес, өңдеу сапасын экологиялық стандарттарға сай жақсартуға бағытталған.

"Үкімет мұнай өңдеу қуатын жылына 18 млн тоннадан 39 млн тоннаға дейін арттыру тұжырымдамасын бекітті. Бірақ алдағы жылдары Қазақстан өз мұнайын өңдеуге және жылдық өңдеу көлемінің кемінде 15-20 пайызы көлемінде қосымша резервуар парктерін құруға баса назар аударуы керек. Бұл әсіресе тапшы авиакеросин мен қысқы дизель отынына қатысты", – деді Асқар Исмаилов.

Қазіргі уақытта Үкімет дағдарыстың алдын алу үшін қор жинаған. Kazinform агенттігінің Энергетика министрлігіне сілтеме жасап хабарлауынша, елдегі 1,1 млн тонна бензин мен дизель қоры жазғы маусымға толық жетуі тиіс. Ішкі нарықты қорғау мақсатында министрлік мұнай өнімдерін автокөлікпен және теміржолмен, оның ішінде ЕАЭС елдеріне шығаруға салынған тыйымды ұзарту туралы бұйрық жобасын әзірледі.

Бұдан бөлек 4 шілдеде өткен Үкімет отырысында қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов шекаралас аймақтарда жанар-жағармайдың заңсыз шығарылуына жол бермеу үшін мобильді топтар күні-түні жұмыс істеп жатқанын баяндады. Ал сауда және интеграция министрінің орынбасары Жанель Кушукова үшінші елдерден, ең алдымен Қытайдан келетін отынға импорттық баж салығын алып тастау қажеттігін көтерген еді.

Сарапшылардың пікірінше, бүгінде ең осал тұс авиациялық отын болып тұр. Отандық өндірушілер жылына 750-760 мың тонна керосин шығарғанымен, тұтыну көлемі 1,2 млн тоннаға жетеді. Бұл айырмашылық әдетте Ресейден келетін импортпен жабылатындықтан, көрші елдегі шектеулер екінші жартыжылдықта әуе компаниялары үшін тәуекелдерді арттыруы мүмкін. Дей тұрғанмен, жөндеу жұмыстарына қарамастан, ел ішінде бензин мен дизельдің жүйелі тапшылығы жоқ. Атырау зауыты тоқтар алдында билік АИ-92 бензинінің 34 күнге, ал дизель отынының 32 күнге жететін қорын жасақтап үлгерген.

"Сондықтан жөндеу жұмыстарының өзі ел ішінде тапшылық тудырмауы тиіс. Жергілікті үзілістер болуы мүмкін, бірақ олар көбіне отынның жоқтығынан емес, логистика, уақтылы жөнелтпеу және өңірлер арасында дұрыс бөлмеумен байланысты", – деп мәлімдеді Асқар Исмаилов.

Шекаралас аймақтардағы трансшекаралық операциялар екі елдің экономикалық қарым-қатынасының маңызды бөлігі саналады. Сарапшылардың айтуынша, кеше украиналық дрондар шабуыл жасаған Омбы қаласындағы мұнай өңдеу зауытындағы жағдай да осы байланыстың қаншалықты тығыз екенін көрсетіп отыр.

"Мұндай жағдайда Үкімет мұнай өнімдерінің басқа нарықтарға бақылаусыз кетуіне жол бере алмайды. Дегенмен Астана Мәскеуге көмектесуден бас тартып отырған жоқ. Мәселен ресейлік шикізат ұзақ уақыт бойы Батыс Қазақстан облысындағы зауытта өңделіп, қайтадан Ресейге қайтарылып жатыр", – деді Асқар Исмаилов.

Войдите, чтобы оставить комментарий