Ресейден қашқан жасөспірім Қазақстаннан депортацияланбайтын болды
Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы Ресей әскерінің Украинаға басып кіруіне қарсы шығып, Қазақстанға қашып келген кәмелетке толмаған Тимур Турковты отанына депортациялау туралы шешімнің күшін жойды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Азаттық Азияға сілтеме жасап.
Алқа Орал қалалық сотының жасөспірімді шекараны заңсыз кесіп өтті деп таныған үкімін күшінде қалдырғанымен, төменгі сатыдағы сот қылмыстық заңнаманы қате қолданды деген прокурордың өтінішіне сәйкес оны елден шығару жазасын алып тастаған. Сот шешімі жасөспірімнің қатысуынсыз, тек адвокатының қатысуымен онлайн форматта оқылды.
«Жазалау бөлігінде прокурордың наразылығы толық қанағаттандырылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 81-бабында кәмелетке толмағандарға тек шектеулі жаза түрлері қарастырылғандықтан және оларға депортация қолданылмайтындықтан, елден шығару жазасы алынып тасталды», – деді баланың қорғаушысы Айгүл Орынбекова.
10 наурызда 17 жасқа толған Коми Республикасының тумасы былтыр 12 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданы тұсында шекараны заңсыз кесіп өткен. Жасөспірім Қазақстан аумағына өткен соң жергілікті тұрғындарға барып, шекара қызметін шақыруды өтінген, ал келген қызметкерлер оны заставаға, кейін Орал қаласына жеткізген. Тимур Турков бұл қадамын Ресей мектептеріндегі милитаризацияға қарсылығымен және кәмелетке толған соң мобилизацияға ілініп, майданға аттанудан қорқуымен түсіндірді. Оның сөзінше, анасы пандемия кезінде қайтыс болғаннан кейін қамқоршысы атанған атасы мен әжесі соғысты қолдайды және оған басқа елге шығуға мүлдем рұқсат бермес еді.
Айта кетейік, былтыр 5 желтоқсанда Орал қалалық №2 соты оны шекараны заңсыз бұзғаны үшін кінәлі деп тауып, Ресейге депортациялауға, Қазақстанға кіруіне 5 жылға тыйым салуға және 6 ай бас бостандығын шектеуге үкім шығарған болатын. Сол кезде шыққан шешімге қатысты ол жергілікті басылымға ешкімге зиян тигізуді көздемегенін, шекарадағы құрылғыларды бүлдірмегенін және мақсаты тек Ресей саясатынан құтылу болғанын айтқан. Бұл үкімге құқық қорғаушылар мен адвокат шағым түсіріп, 3 наурыздағы отырыста Орал қаласының прокуратурасы баланы елден шығару заңға қайшы келуі мүмкін екенін алға тартып, соттан оны қайтармауды сұраған.
Сот тыңдауына Ресейден баланың әжесі Валентина Туркова арнайы келген. Адвокаттың мәліметінше, ол басында немересін үйге қайтармақ болғанымен, кейінірек Тимур отанына оралған жағдайда оның қауіпсіздігі үшін алаңдайтынын мәлімдеген. Жасөспірім былтырғы қыркүйектен бері Оралдағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында тұрып жатыр.
Последние новости