Ресейдегі саясаттан Қазақстанға қашып келген бозбала еліне депортацияланатын болды
Орал қалалық соты 16 жастағы ресейлік Тимур Турковты мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін еліне қайтару туралы шешім шығарды. Жасөспірімнің айтуынша, ол Ресейдегі саяси жағдай мен әскерге шақырылу қаупінен қорқып, Қазақстанға қашып келген, деп жазады Politico.kz.
Бұл оқиғаның жай-жапсары "Орал апталығы" басылымына келіп түскен хаттан кейін белгілі болды. Ресей Федерациясы Коми Республикасының Летки ауылында тұратын, 9-сыныпты жаңа ғана бітірген Тимур 2025 жылдың 12 қыркүйегінде үйінен қашып шыққан. Анасы қайтыс болған, ал әкесі тастап кеткен баланы ата-әжесі тәрбиелеген. Алайда, оның Қазақстанға жасаған қауіпті сапарына отбасылық жағдай емес, саяси көзқарас түрткі болған.

Бозбаланың айтуынша, ол Ресейдің қазіргі саяси бағытымен келіспейді және кәмелетке толған соң әскерге шақырылып, майданға аттанудан қорыққан. Оның мақсаты – Қазақстаннан босқын мәртебесін алу болған.
Тимур Ресейдің солтүстігінен Қазақстан шекарасына дейін автостоппен жетіп, 12 қыркүйек түні №658 шекаралық белгі маңынан өтіп, Астафьево(Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы, Бейбітшілік ауылдық округі құрамындағы ауыл) ауылына жаяу жеткен.
«Бақылау-із жолағынан 200 метрдей ұзаған соң жерге отырдым. 10 минуттай отырып, тұруға әрекеттендім. Аяғыма зорға тұрдым да, бірден құладым. Лоқсу басталды. Тағы 20 минуттай отырып, аздап демалып, әрі қарай жүрдім. Біраз жүрдім, қатты шаршадым. Сағат таңғы алты шамасы еді. Демалуға жаттым. Қатты шаршау мен сусызданудан бірден есімнен танып қалыппын. Көзімді ашсам, аспанды бұлт торлаған; сағатқа қарасам, шамамен жарты сағат өтіпті. Түнде барлығы 17 шақырымдай жол жүріппін», — деді Тимур.
Тимур Астафьево ауылына жетіп, кездескен бірінші адамнан шекара қызметін немесе құтқарушыларды шақыруын сұраған. Сол сәттегі жағдайын «өлім аузында болдым» деп сипаттайды. Қатты шөлдеген бала бірден бір литрге жуық су ішкен.
«Мен жүгінген жергілікті тұрғын мені алдымен Қазақстанда, кейін Ресейде түрмеге қамайтынын айтты. Тіпті мені украиндар жалдап алған шығар деп күдіктенді», — деді Тимур.
Келген шекарашылар оны «Махамбет» заставасына алып кеткен. Жеке заттарын тексеріп, қай жерден өткенін сұрап, тамақтандырған. Көп ұзамай заставаға Ресей консулдығының қызметкері, ресейлік шекарашылар және көрші елдегі мектептің психологы келген.
Тимурдың айтуынша, олар оны адасып кеттім деп айтуға көндірмек болған.
«Олар маған жай ғана адасып, шекараны байқаусызда кесіп өттім деп мойындауды ұсынды. Мен өтірік айтудан және оқиғамды бұрмалаудан бас тарттым. Әсіресе психолог қатты қоймады. Бір кезде оған дауыс көтеріп: «Әйел, маған жақындамаңыз, орныңызда тұрыңыз!» деуге тура келді. Сол сәтте мұны естіген қазақстандық шекарашы мені әлгі әйелден денесімен қорғап қалды», — деді Тимур.
Кейін оны ФСБ-ның полковник шеніндегі қызметкері тергеген. Ол Тимурдан көмектескен адамдар бар-жоғын сұраған.
Осы қарбаластан соң Тимурды Оралға жеткізіп, орталыққа орналастырған. Қазақстан тарапы шекараны заңсыз кесіп өту фактісі бойынша іс қозғаған. Психологиялық тексеру оның дені сау екенін көрсетті. Мемлекеттік адвокат тағайындалған.
«Адвокатпен мүддеміз қайшы келді. Ол маған Ресейге қайтуым керектігін, онда мені сағынып күтіп отырғанын айтумен болды. Менің саясаттан қашқаным туралы уәждерімді елемеді. Ал менімен сөйлескен полиция қызметкерлері керісінше түсіністікпен, аяушылықпен қарады», — дейді Тимур.
Редакция тілшісімен хат алмасуда Тимурдың сауатты жазатыны байқалған. Ол қатесіз, тыныс белгілерін дұрыс қойып жазады. «Мектепті жақсы бітірдім», деп растады өзі де. Оның өз еліндегі жағдайға қатысты қалыптасқан көзқарасы бар.
«Мен нақты Ресейдегі саясаттан қаштым. Мектептерді милитаризациялау жүріп жатыр. Ауылда бізді, жоғары сынып оқушыларын, солдаттарды жерлеу рәсімінде құрметті қарауылға қоятын болды. Ауылдан соғысқа кеткен 12 адам қаза тауып, бесеуі хабар-ошарсыз кеткен. Барлық ақпарат құралдарында тек арнайы әскери операция туралы айтылады. Айналамдағылардың көбі Кремль саясатын қолдайды. Мен үндемеуге тырыстым. Бір-екі рет ұрыс естігенім бар. Құрдастарыммен саясатты талқыламауға тырысатынбыз. Менің қашу жоспарымды ешкім білмеді. Атам мен әжем менің Қазақстанда екенімді шекарашылар қоңырау шалғанда бір-ақ білді», — дейді Тимур.
Самара қаласында Тимур жарақатынан кейін қайтадан майданға жіберілгелі жатқан солдатпен кездескен. Бұл кездесу оған қатты әсер еткен.
«Оның шақыру белгісі – М5, зениттік қондырғының көздеушісі екен. Ол маған балаларға оқ ату ма, үлкендерге ме, бәрібір екенін айтты. Окоптарда ешкім алып кетпейтін мәйіттер үйіліп жатқанын жеткізді. Ресей аумағындағы жолымда мен тек соғысты қолдайтын немесе бәріне бейжай қарайтын адамдарды кездестірдім», — дейді Тимур.
Ал Орал қаласында ол қарапайым адамдардан мейірім мен жанашырлық көргенін айтады.
«Бірақ менің оқиғамды және сот шешімін жасыруға тырысқан мемлекеттік жүйенің тасбауырлығын да сезіндім», — дейді Тимур.
Ол ешкімге зиян тигізуді көздемегенін, шекарадағы құрылғыларды бүлдірмегенін, мақсаты тек Ресей саясатынан құтылу болғанын айтады.
«Егер қайтарса, не күтіп тұрғанын білмеймін. Қайтып барған соң жынданып, бірдеңе бүлдіріп қоюым мүмкін», — дейді Тимур.
Соңында тілшінің арманы туралы сұрағына Тимур «Менің арманым – қалыпты өмір сүру және өзгенің соғысында өліп кету туралы ойламау» деп жауап берді.
Қазіргі уақытта жасөспірім Орал қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларға арналған орталықта тұрып жатыр. Ол мұнда үш айға жуық уақыт өткізген. 5 желтоқсанда №2 қалалық сот оны шекараны заңсыз бұзғаны үшін Ресейге депортациялау және Қазақстанға кіруге 5 жылға тыйым салу туралы шешім шығарды. Сот үкіміне сәйкес, Тимур еліне қайтқан соң 6 ай бойы бас бостандығын шектеу жазасын өтеуі тиіс.
Соңғы жаңалықтар