Роза Рымбаева: Қазір екі ұлыммен көрші тұрып жатырмын

22.09.2026 21:47 Томирис САҒЫНДЫҚ
Роза Рымбаева: Қазір екі ұлыммен көрші тұрып жатырмын
145

Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева сұхбаттарының бірінде отбасылық өмірі, перзенттерімен қарым-қатынасы, сондай-ақ балалық шағы мен ата-анасынан айырылған кезеңдегі естеліктерімен бөлісті. Өнер иесі балаларымен іргелес тұратынын және олардың арасында берік отбасылық сыйластық орнағанын атап өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы әнші "Қыпшақ қызы" подкастында әңгімеледі. 

«Менің екі ұлым да — менің көршілерім. Менің үйім, одан кейін Әлидің үйі, Әлиден кейін Мәдидің үйі. Біз үшеуіміз де бір-біріміздің үйімізде осылай араласып жатырмыз. Кез келген уақытта менің үйімнен тамақ іше алады. Мен де оларға шәйға бара аламын. Таңертеңгі шәйді де олар жүгіріп келіп, тез-тез ішіп алып жүгіріп кетеді. Біздің үйде «сенің үйің», «ананың үйі», «менің үйім» деген сияқты бөліну жоқ. Ұйықтаған кезде әрқайсымыз өзіміздің үйімізде ұйықтаймыз, әрине. Ал былай күндіз, әсіресе өзімнің балаларым келген кезде, кез келген уақытта дастарқан жаюлы тұруы керек, тамақ ысып тұруы керек. Есімде, анам нан пісіретін. Нан пісірген кезде бізде бала көп қой, үлкен тегешке, бір тегеш картоп қосылған пирожки жасайтын», — деді ол.

Сонымен қатар әнші балалық шағындағы ауыр сәттерге тоқталып, Семейдегі интернатта оқып жүргенде атасы мен әжесінің қазасын қалай қабылдағанын еске алды.

«Мұңаятатын сәттер — апам мен атамның бірінен кейін бірінің өмірден өткені. Ол кезде біз мектепте оқып жүргенбіз, Семейде, қалада оқимыз. Содан интернатқа мамам келіп, бізді алып кетуге келгенде: «Атаң қайтыс болды» немесе «Әжең қайтыс болды» деп айтқан кезде, жылап алатынбыз. Балалық қой, кішкентай жүрегіңе сондай бір суық хабар келгенде, ерекше бір уайым болады. Бірден келіп қалады да, жылап жіберетінбіз, баламыз ғой енді», — деді Роза Рымбаева.

Сондай-ақ әнші ата-анасының өмірінің соңғы күндері және осы оқиғалардан кейін пайда болған жеке әдеті туралы айтып берді.

«Одан кейін әкем мен мамам өзімнің қолымнан кетті. Ол кісілер төсек тартып жатқан кезде біз кезекпен солардың қасында отыратынбыз. Бәріміз — Алматыда тұратын балалар. Бәріміз кіріп-шығып, кезекпен қарап, дәрігерді шақырып, уколын жасатып, кезекпен қарап жүрдік. Сөйтіп екеуі де түнде кетті ғой. Түнде таңғы сағат 5-те, 6-да. Содан кейін маған үйге «Келіңдер, кетті» деп телефон соғады. Сонда атып тұрып, машинаға отырып, жүгіріп кіреміз ғой. Менің сондай бір әдетім бар: менің телефоным ешқашан өшірілмейді, қасымда тұрады. Түнде де өшірмеймін. Түнде осылай папам мен мамам кеткенде де бірнен кейін бір хабар келген. «Бірдеңе болып қала ма, менің телефоным өшіп тұрса, маған хабарласа алмай қала ма» деген оймен, бауырларым бар жаңағы, телефоным үнемі қасымда тұрады», — деді өнер иесі.

Войдите, чтобы оставить комментарий