"Сабырлы Қанат": қауіпті апаттан аман қалған отбасы оқиғаның қалай болғанын айтып берді

15.04.2026 16:14 Мөлдір Талғат
305
Фото: коллаж politico.kz

Ақтөбе облысында бір отбасы жол апатынан ғажайып түрде аман қалды. Қауіпті жағдай екі жолақты трассада үш көліктің бір мезетте қатар келуі кезінде орын алған, деп хабарлайды Politico.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оқиға 11 сәуір күні кешкі сағат 19:20 шамасында Әйтеке би ауданы, Белқопа ауылы маңында болған. 

“Kia Cerato” көлігін басқарған 37 жастағы Қанат Бекжанов қарсы бағытқа шыққан жүк көлігімен бетпе-бет келген. Сол сәтте ол көлікті дәл бағыттап, екі жүк көлігінің арасынан өтіп, жанындағы отбасын аман алып қалған.

“Алланың қалауымен аман қалдық. Қасымда жұбайым мен 11, 7 және 3 жастағы ұлдарым болды. Сол сәтте өз жолағыммен келе жаттым. Алдымдағы көлік әрекет етпеді, ал қарсы бағыттағы көлік жол берді. Сол арамен өтіп кеттім”, – деді ол.

Оқиға сәті көлік камерасына түсіп қалған. Бейнеден жүргізушінің екі КамАЗ жүк көлігінің арасынан өтіп кеткен қауіпті сәт анық көрінеді.

Жұбайы Назгүл Бекжанова бұл жағдайды еске алудың өзі қиын екенін айтты. Оның сөзінше, сол сәтте бәрі аяқталғандай көрінген.

“Бәрі бір сәтте болды. Екі жүк көлігінің біріне соғыламыз деп ойладым. Ондай кезде адам ештеңе ойлай алмайды екен. Жолдасым көлікті шебер басқарып, бізді аман алып қалды. Қазір видеоны қайта қарау да ауыр”, – деді ол.

Отбасы сол күні төркіннен қайтып келе жатқан. Қазір олар әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты пікірлерді оқып отыр.

Аталған дерек бойынша Ақтөбе облысының полиция департаменті қарсы бағытқа шыққан шетелдік көлік жүргізушісі анықталғанын хабарлады.

“Жүргізуші жауапкершілікке тартылады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр”, – деп мәлімдеді ведомство.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий