«Сахнада сақау, сауатсыз әншілер көбейді»: Жеңіс Ысқақова шоу-бизнеске ащы сын айтты
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова отандық шоу-бизнеске қатысты өткір пікір білдіріп, сахнадағы қазіргі жағдайдың көңіл көншітпейтін тұстарын ашық айтты. Өнер иесі Stan.kz YouTube арнасына берген сұхбатында бүгінгі эстрадада таланттан гөрі танымалдық пен хайп алдыңғы орынға шығып кеткенін жасырмады, деп хабарлайды Politico.kz
Әншінің айтуынша, шынайы талант иелері мен жанды дауыста ән айтатын жастар ашық-шашық киім мен жасанды образға құрылған өнердің көлеңкесінде қалып отыр.
"Қазір әнші де, әртіс те көбейіп кетті. Бірақ олардың көпшілігінің деңгейі төмен. Сауатсыз, тіпті сақау деуге болады. Әндерінің мазмұны жұтаң, мағынасыз. Бір-екі ән жазып, аздаған табыс тапқанына мәз болып жүр. Ал халыққа берері шамалы", — деді Жеңіс Ысқақова.
Ол сондай-ақ соңғы жылдары кей орындаушылардың ән мәтінінде үш тілді араластырып айтуы көбейгенін сынға алды. Әншінің пікірінше, бұл үрдіс тыңдарман санасын шатастырып, тіл мәдениетіне кері әсерін тигізіп жатыр.
"Дұрыс әні жоқ мұндай орындаушылар тілді бұрмалап, тыңдарманға зиян келтіреді. Осындай жағдайлардың кесірінен шын таланттар тасада қалып жатыр" — дейді ол.
Сонымен қатар, Жеңіс Ысқақова әлеуметтік желіде өнер адамдарын әдейі аңдып, олардың жеке өмірін хайпқа айналдыратын қолданушыларды да қатты сынады. Оның айтуынша, кейбір блогерлер мен желі белсенділері қаралым үшін әншілерді рұқсатсыз түсіріп, ақпаратты бұрмалап таратады
Өнер иесінің бұл пікірі желі қолданушылары арасында кеңінен талқыланып, қоғамда сахна мәдениеті, өнердегі жауапкершілік пен шынайы талант мәселесіне қайта назар аудартты.
Соңғы жаңалықтар