Сарапшы Әділ Қаукенов Парламенттің Құрылтай деп аталу бастамасына баға берді
Жаңа заң шығарушы органның атауына қатысты белгілі қытайтанушы өз пайымын білдірді, деп хабарлайды Politico.kz
Орталық Азия бойынша сарапшы Әділ Қаукенов Парламентті Құрылтай деп атау идеясына қатысты қоғамда қалыптасқан түрлі көзқарастарға талдау жасады. Оның пайымдауынша: атаудың тарихи мағынасынан гөрі, құрылатын органның мазмұны мен атқаратын қызметі шешуші рөл атқарады.
Қазіргі уақытта желі қолданушыларының пікірі екіге жарылған. Бір тарап бұл бастаманы ұлттық дәстүрлердің жаңғыруы деп бағаласа, екінші тарап тарихи құрылтайдың халықтық жиын болғанын, сондықтан оның қазіргі парламент ұғымына сай келмейтінін айтып, сынға алуда. Осыған орай сарапшы саяси терминдердің уақыт өте келе бастапқы мағынасынан өзгеретініне назар аударды. Мәселен: Ежелгі Римдегі Сенат институты әуелде тек таңдаулы шонжарлардың кеңесі ретінде құрылған болатын. Алайда уақыт өте келе бұл сөз сақталғанымен, оның қызметі түбегейлі өзгеріп, бүгінде көптеген елдерде сайланбалы өкілдерден тұратын толыққанды заң шығарушы палатаға айналды. Осыған ұқсас жағдай Дума институтына да тән. Бұрынғы Дума мен қазіргі парламенттік құрылым мүлдем бөлек болғанына қарамастан, термин өзгеріссіз қалды.
Әділ Қаукеновтің пікірінше: басты мәселе терминдердің бұрынғы мағынасымен сәйкестігінде емес. Егер жаңадан құрылатын Құрылтай ашық пікірталас алаңына айналып, халық мүддесін білдірсе және тиімді бақылау жүргізе алса, онда бұл атау өзін толықтай ақтайды. Осы ретте айта кетерлігі: Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа парламенті бұдан былай Құрылтай деп аталатынын хабарлаған болатын.
Соңғы жаңалықтар