Сарапшы: Парламент — жұлдыздар шеруін өткізетін көрме емес
Ескі таныс есімдер мен атақты тектер бұрынғыдай саяси капитал емес, керісінше, иыққа түскен үлкен жүкке айналуда. Кезінде белгілі бір фамилия саяси есіктерді ашатын алтын кілт болса, ендігі қоғам сол тектің артында қандай біліктілік пен дербес тұлғалық қасиет тұрғанын қатаң сұрайды, деп мәлімдеді сарапшы, экономист Ануар Нуртазин Politico.kz тілшісіне.
Сондай-ақ, ол халық өмірінде оң өзгерістер болуы үшін жаңа Құрылтайдан не күтетінін айтты.
«Өткен жүйенің басты дерті — жекелеген депутаттардың қауқарсыздығында емес, мандатқа ие болғандардың басым бөлігінің уақыт өте келе "үнсіздерге" айналып шыға келетіндігінде еді. Біздегі кейбір халық қалаулыларының белсенділігі сайлау науқанымен бірге тұтанып, мандат алған күні біржола сөнетіндей әсер қалдырады. Олар "Ел үшін қандай бастама көтердіңіз?", "Қай саланың түйткілін шешуге жауаптысыз?" деген қарапайым сұрақтардың өзінен қашқақтайды. Бізге мұндай "саяси туристердің" шынымен қажеті бар ма? Әрине, жоқ. Сайлау алдында бұқараның арасынан шықпайтын кейбір саясаткерлердің жеңіске жеткеннен кейін елден қарасын батыратыны қызық: бес жылдық мерзімде сайлаушы мен депутаттың жүзбе-жүз жолығуы екіталай оқиғаға айналады. Алайда қазір заман да, қоғам да түбегейлі өзгерді: бұқара сергек, талап та жоғары. Цифрлық дәуірдің атқарушы билік пен элита үшін бір тиімсіз тұсы бар — интернет ештеңені ұмытпайды. Бүгін айтылған уәде ертең алдыңнан шығады, ал қолдан жасалған өмірбаян санаулы минутта-ақ көптің талқысына түсіп, әшкереленеді. Ескі таныс есімдер мен атақты тектер бұрынғыдай саяси капитал емес, керісінше, иыққа түскен үлкен жүкке айналуда. Кезінде белгілі бір фамилия саяси есіктерді ашатын алтын кілт болса, ендігі қоғам сол тектің артында қандай біліктілік пен дербес тұлғалық қасиет тұрғанын қатаң сұрайды. Бұл — ұлт санасының өскендігінің айқын белгісі», — деді экономист.
Танымалдылық — кәсібиліктің өлшемі емес
Ары қарай Ануар Нуртазин бүгінгі қоғамдағы танымалдылық пен шоу-бизнес өкілдерінің атақ-даңқы заң шығару ісіндегі кәсіби біліктілік пен мемлекетшілдік болмысты ешқашан алмастыра алмайтынын, Парламент мінбері жұлдыздар шеруін өткізетін көрме еместігін кесіп айтты.
«Атағы дардай тұлғаларды жинап, оларды тек бас шұлғып, қол көтеретін "статистикалық көпшілікке" айналдыру ешқандай қиындық тудырмайды. Бірақ танымал болу — заң шығару біліктілігін алмастыра алмайды. Өнер иесі, спорт саңлағы, блогер немесе қоғам белсендісі Парламент мінберіне келе алады, бірақ мандат тиген сәттен бастап оның басты құндылығы атақ-даңқы емес, кәсіби деңгейі мен мемлекетшілдік болмысы болуы тиіс. Парламент — жұлдыздар шеруін өткізетін көрме емес. Шындығына келгенде, осыған дейін Парламент саяси элита үшін зейнетке шығар алдындағы жайлы "күту залына" ұқсап келді. Бұл орынның бұдан былай бұлайша ыңғайлы әрі бейқам болуына жол берілмеуі керек. Бүгінде әлем жаһандық сауда соғыстары, технологиялық текетірестер, су мен энергия тапшылығы, сондай-ақ инвестиция мен капитал үшін аяусыз бәсеке жағдайында өмір сүріп жатыр. Мемлекеттер жасанды интеллект, жартылай өткізгіштер, сирек кездесетін металдар мен логистикалық дәліздер үшін таласқа түсуде. Тұтас әлем ертеңгі күннің экономикасын бөлісіп жатқанда, біздің саяси талқылауларымыз әлі де туыстық байланыстар мен көлеңкелі ықпал картасын шешуден аса алмай келеді. Бұл — мемлекеттің алдында тұрған ауқымды міндеттер мен саяси дискурсымыздың таяздығы арасындағы өте қауіпті алшақтық», — деді ол.
Осы ретте экономист Ануар Нуртазин жаңа шақырылымнан тек бас шұлғитын жуастарды емес, қоғам атынан ыңғайсыз сұрақтар қоя алатын өр мінезді депутаттарды көргісі келетінін мәлімдеді. Ол заң шығарушы органның тым жасанды әрі мінсіз таза болып көрінуге тырысуы тұрақтылықтың емес, кейінге шегерілген ішкі дағдарыстың белгісі екенін жасырмады.
«Жаңа шақырылымның басты қаупі — оппозицияның болуында немесе өткір сын айтылуында емес. Басты қауіп — оның тым "стерильді", яғни жасанды түрде мінсіз етіп құрылуында. Саяси институттың қауқары онда қайшылықтың жоқтығымен емес, сол түйткілдерді өркениетті, кәсіби тұрғыда және мемлекеттік мүдде аясында шеше білуімен бағаланады. Тірі қоғамда пікір алуандығының болуы заңды. Күрделі мемлекеттік құрылымда мүдделер қақтығысының орын алуы да табиғи нәрсе. Ал осының бәрін жаппай үнсіздікпен бүркемелеу — тұрақтылықтың белгісі емес, кейінге шегерілген дағдарыстың көрсеткіші. Өйткені Парламенттің қадір-қасиеті дауыс беру батырмаларының санымен емес, сол шешім қабылданғанға дейінгі пікірталастың деңгейімен өлшенеді. Депутаттық мандат — билікке көрсеткен "адалдығы мен жуастығы" үшін үлестірілетін мемлекеттік сыйақы емес. Бұл — қоғам мен билік арасындағы жасалған ұлы келісімшарт. Сондықтан мен жаңа Парламенттен билікке "ыңғайлы адамдарды" емес, қоғам атынан "ыңғайсыз сұрақтар" қоя алатын өр мінезді тұлғаларды көргім келеді. Нағыз депутаттың міндеті — барлық кабинетке бірдей жағымды болу емес. Оның міндеті — қоғам үнсіз қалуға мәжбүр болған тұста сөз алу, жауапсыз қалған сауалдардың шешімін талап ету және кез келген қиын шешімнен мемлекеттік мүддені іздеу. Қуатты мемлекет орынды сыннан әлсіремейді — сапалы сын арқылы шыңдала түседі. Қуатты Парламент пікір сайыстан қорықпайды, керісінше, ортақ талқылау арқылы дұрыс байламға келеді. Қазақстанға үнсіздікті тұрақтылық деп түсіндіретін ескі саяси түсінік емес, жауапкершілікті еркін пікірмен ұштастыра алатын жаңа мемлекеттік мәдениет қажет», — деп мәлімдеді экономист Ануар Нуртазин.
Еліміздің саяси өміріндегі маңызды оқиға — І шақырылымдағы Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны 2026 жылғы 23 тамызға белгіленді. Осы дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жаңадан құрылған бір палаталы заң шығарушы органының — Құрылтайдың 145 депутаты мандат иеленбек. Сайланған халық қалаулыларының өкілеттік мерзімі бес жылды құрайды.
Бұл жалпыхалықтық науқан — Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау ретінде тарихқа енгелі отыр. Сонымен қатар, бұл шара — 2026 жылғы конституциялық референдумда мақұлданған елдің Жаңа Конституциясы негізінде жасақталатын Құрылтайдың ең алғашқы сайлауы болмақ.
Аталған ата заңдық өзгерістер 2026 жылғы 1 шілдеде ресми түрде күшіне енді. Осы сәттен бастап жаңадан құрылған Құрылтай Қазақстан Республикасының бұған дейінгі қос палаталы Парламентінің орнын толықтай басады.
Айта кетсек, Ануар Нұртазин Құрылтайға дербес әрі білікті депутаттар сайлануы қажет екенін айтқан.
Соңғы жаңалықтар