Сарапшы Қазақстанның дипломатиялық жылын қорытындылады
Белгілі қытайтанушы және Орталық Азия бойынша сарапшы Әділ Қаукенов Қазақстанның сыртқы саясаттағы жылдық қорытындысына талдау жасады. Маманның пікірінше, Мемлекет басшысының биылғы халықаралық іс-сапар кестесі тым тығыз әрі нәтижелі болған, деп хабарлайды Politico.kz
Сарапшы өткен жылы Президенттің әуеде 245 сағатын өткізгенін еске салды. Биылғы жыл да қарқындылығы жағынан одан кем түспеген. 12 айдың ішінде Мемлекет басшысы 19 рет шетелге шығып, Еуразия, Таяу Шығыс, Шығыс Азия және Солтүстік Американың негізгі саяси-экономикалық орталықтарын қамтыды.
Президенттік кестенің басым бөлігін жұмыс сапарлары құрады. Олардың жалпы саны он үшке жетті. Бұл тізімге Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Ресей, Мажарстан, Беларусь, Түрікменстан, АҚШ, Әзірбайжан, Тәжікстан және Қырғызстан кірді. Аталған формат өңірлік қауіпсіздік, экономика және көпжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша тұрақты диалогты сақтауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар бес сапар ресми форматта ұйымдастырылды. Президент Иордания, Түркия, Қырғызстан, Қытай және Жапонияға барды. Бұл сапарлар келіссөздердің ауқымды бағдарламасымен, бизнес-қауымдастықтармен кездесулермен және гуманитарлық бастамалармен есте қалды. Нәтижесінде екіжақты байланыстар күшейіп, ынтымақтастық көкжиегі кеңейе түсті.
Қараша айында Ресей мен Өзбекстанға жасалған екі мемлекеттік сапардың жөні бөлек болды. Бұл бағыттар экономика, транзит және өңірлік тұрақтылық тұрғысынан Қазақстан үшін дәстүрлі түрде шешуші рөл атқарады. Сапарлардың мемлекеттік мәртебесі тараптар арасындағы сенімнің жоғары деңгейін және серіктестіктің стратегиялық маңызын айшықтады.
Бірқатар сапарлар Қазақстанның сыртқы саяси позициясын нығайтуда айрықша рөл атқарды. Мәселен Қытайға сапар барысында Қазақстанның мәдени орталығы ашылып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Бұл серіктестіктің гуманитарлық және экономикалық қырларын толықтыра түсті. Ал Вашингтонда өткен Орталық Азияның бес елі көшбасшыларының АҚШ президентімен «С5+1» форматындағы кездесуі Қазақстанның аймақтық диалогтағы негізгі қатысушы ретіндегі рөлін бекітті. Токиодағы «Орталық Азия - Жапония» саммитінде инвестиция, технология және логистика салаларындағы ұзақ мерзімді бағыттар айқындалды.
Жылдың басты көпжақты алаңдары ретінде Қытайдағы ШЫҰ саммиті, Қырғызстандағы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы, Санкт-Петербургтегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің жиыны және Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының Жалпы дебаттарына қатысуы аталды. Осы мінберлерде Президент экономикалық кооперация, тұрақты даму және өңірлік тұрақтылыққа қатысты бастамаларды дәйекті түрде ілгерілетті.
Әділ Қаукенов 2025 жылғы сыртқы саяси динамика Қазақстанның халықаралық беделінің артқанын айқын көрсетті деп есептейді.
«Белсенді дипломатия, серіктестердің кең ауқымы және негізгі әлемдік процестерге қатысу еліміздің халықаралық аренадағы позициясын күшейтті. Қазақстан ірі әлемдік ойыншылармен тұрақты байланыс орнатып, өңірді жаһандық экономикалық және саяси процестерге кіріктіре алатын Орталық Азияның дипломатиялық және іскерлік белсенділігінің орталығы ретінде қабылдануда», – дейді сарапшы.
Соңғы жаңалықтар