«Сарбаз төртінші қабаттан құлады»: Қонаевтағы әскери бөлімде болған оқиғаға қатысты тың дерек шықты

03.08.2026 17:36 Әсел МҰРАТ
«Сарбаз төртінші қабаттан құлады»: Қонаевтағы әскери бөлімде болған оқиғаға қатысты тың дерек шықты
191
Фото: Pexels.com

Қонаев гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметші төртінші қабаттың терезесінен құлап, ауыр жарақат алды. Қазір сарбаз медициналық мекемеде жатыр. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, қызметтік тексеру басталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде журналист Гүлмира Әбіқай сарбаздың туыстарының жанайқайын жеткізді. Сарбаздың  туысы оқиғаның мән-жайына қатысты алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, 2006 жылы туған Санжар Жанат Қапшағайдағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген.

Туысының сөзінше, сарбаз әр сенбі сайын отбасымен байланысып, әскери қызметіне қатысты ешқандай шағым айтпаған. Оқиғаға дейін оның ата-анасы да әскери бөлімге барып, ұлымен кездескен.

«Бала терезеден өз еркімен секіруі мүмкін емес деп ойлаймыз. Өмірге деген қызығушылығы бар бала еді. Әкесіне хабарласып, жақында парашютпен секіретінін айтып жүрген», – делінген жазбада.

Туысы сарбаздың қазіргі жағдайы ауыр екенін жеткізді. Оның мәліметінше, жас жігіттің қабырғалары сынып, өкпесі мен бүйрегі зақымданған, сондай-ақ қуық жарылған. Қазір ол реанимация бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Оқиғаға байланысты Қорғаныс министрлігіне қарасты Десанттық-шабуылдау әскерлері де ресми түсініктеме берді.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылы 3 тамызда Қонаев гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметші төртінші қабаттың терезесінен құлап, жарақат алған. Сарбаз дереу медициналық мекемеге жеткізіліп, оған қажетті мамандандырылған медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оның жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Әскери ведомство оқиғаға дейін сарбаздың әскери қызмет өткеру жағдайына қатысты ешқандай шағым айтпағанын хабарлады. Сондай-ақ оқиға кезінде оның ата-анасы әскери бөлімге келіп, ұлымен кездескені, кездесу барысында қандай да бір өтініш немесе шағым түспегені айтылды.

Аталған факті бойынша Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі қызметтік тексеру тағайындап, арнайы комиссия құрған. Оқиғаның барлық мән-жайы ерекше бақылауға алынған.

Қазіргі таңда сарбаздың төртінші қабаттан қалай құлағаны және оқиғаның нақты себептері тергеу нәтижесінде анықталуы тиіс.

Войдите, чтобы оставить комментарий