Сарбазды атып алып 13 жылға сотталған офицер Жоғарғы сотқа жүгінді

20.11.2025 12:36 Арман Ермеков
Сарбазды атып алып 13 жылға сотталған офицер Жоғарғы сотқа жүгінді
0
361
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Марат Барқұлов

Маңғыстау облысындағы әскери полигонда оққа ұшқан сарбаз өліміне қатысты іс қайта жандануы мүмкін. 13 жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы взвод командирі Дамир Досов Жоғарғы сотқа шағымданды. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Азамат Сағал мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Қорғаушының айтуынша, сотталған экс-офицер шығарылған үкімді тым қатал деп санап, оған қарсылық білдіріп отыр. Қазіргі уақытта оның кассациялық шағымы қылмыстық істер жөніндегі сот өндірісіне қабылданған.

«Шағым түскені рас, бірақ сот отырысы нақты қай күнге белгіленгені әзірге белгісіз. Біз де қарап қалмаймыз, қарсы пікір дайындап, алдағы процеске тыңғылықты дайындаламыз», – деп нақтылады Азамат Сағал.

Естеріңізге сала кетейік, бүкіл елді дүр сілкіндірген қайғылы оқиға былтыр қыркүйек айында «Оймаша» полигонында болған еді. Әскери жиын кезінде қару қолдану ережесінің өрескел бұзылуынан 19 жастағы мерзімді қызметтегі сарбаз Марат Барқұлов ауыр жараланып, тіл тартпай кеткен болатын.

Биыл қаңтар айында өткен сотта айыпталушы Дамир Досов өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол қарудың абайсызда атылып кеткенін, қасақана ниеті болмағанын алға тартты. Алайда сот оны Қылмыстық кодекстің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша кінәлі деп тауып, 13 жылға темір торға тоғытты. Кейіннен Әскери соттың аппеляциялық алқасы да бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Айта кетейік, кезінде марқұмның әкесі Ербол Күнтінов те сот үкіміне көңілі толмайтынын жеткізген болатын.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий