Сарбазды атып алып сотталған командир жазасын толыққанды өтейтін болды

27.01.2026 19:03 Арман Ермеков Арман Ермеков
Сарбазды атып алып сотталған командир жазасын толыққанды өтейтін болды
541

Жоғарғы сот Маңғыстау облысында мерзімді әскери қызметтегі сарбаз Марат Барқұловтың өліміне кінәлі деп танылған бұрынғы взвод командирі Дамир Досовтың жазасын өзгерткен жоқ, деп хабарлайды Politico.kz.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық алқа бұрынғы командир Дамир Досовтың шағымын қарап, төменгі сатыдағы сот шешімін күшінде қалдырды. Осылайша бүгін, 2026 жылдың 27 қаңтарында бұл іске заңды түрде нүкте қойылды. Жәбірленуші тараптың адвокаты Азамат Сағалдың мәлімдеуінше: сотталушының жазаны жеңілдету туралы кассациялық шағымы қанағаттандырылмады.

Айта кетейік, Дамир Досов 2025 жылдың қараша айының ортасында Жоғарғы сотқа жүгінген болатын. 13 жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы взвод командирі шығарылған үкімді тым қатал деп санап, қарсылық білдірген.

Еске салайық, қоғамдық резонанс тудырған қайғылы оқиға 2024 жылдың қыркүйек айында «Оймаша» полигонында орын алған еді. Әскери жиын барысында қару қолдану ережесінің бұзылуы салдарынан 19 жастағы қатардағы жауынгер Марат Барқұлов оққа ұшып, алған жарақатынан көз жұмды.

Осы іс бойынша 2025 жылдың қаңтар айында өткен сот отырысында Дамир Досов өз кінәсін мойындаудан бас тартқан. Ол оқиғаның абайсызда болғанын және қасақана ниеті жоқтығын алға тартты. Дегенмен сот оны Қылмыстық кодекстің 99 бабы, яғни «Адам өлтіру» бойынша айыпты деп танып, 13 жылға темір торға тоғытты.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий