Семейде әйелін 27 рет битамен ұрып өлтірген еркекке үкім шықты
Семейде мас күйінде бұрынғы жұбайын бейсбол битасымен ұрып өлтірген азамат 12 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты биыл 6 тамызда осы іске қатысты үкім шығарып, кінәлі ер адамды жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтеуге кесті. Сонымен қатар судья оны жәбірленуші тарапқа 10 млн теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.
Қайғылы оқиға осы жылдың 17 сәуірінде үйдің ауласында болған. Сотта анықталғандай мас күйдегі айыпталушы қызғаныш салдарынан 52 жастағы бұрынғы әйелі Айжан Баяхметоваға тұтқиылдан шабуыл жасап, ағаш битамен 27 мәрте соққы берген. Алған ауыр жарақаттарынан жәбірленуші оқиға орнында тіл тартпай кетті. Сот талқылауы барысында ер адам тағылған айып бойынша өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін жеткізді, ал марқұмның ағасы жаза тағайындау мәселесін судьяның шешіміне қалдырған.
Қаза тапқан келіншектің артында 12 жастағы қызы мен 16 жастағы ұлы қалды. Сот Семей қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органына кәмелетке толмаған балалардың ресми қамқорлығын бекітуді жүктеді. Болжам бойынша жасөспірімдер нағашыларының қолына берілуі мүмкін.
Қабылданған сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар