Семейдегі оқушылар жанжалы: Дәулеттің анасы оқиғаның мән-жайын айтып берді

16.09.2026 07:54 Қарақат АСЫЛОВА
Семейдегі оқушылар жанжалы: Дәулеттің анасы оқиғаның мән-жайын айтып берді
223
Коллаж Politico.kz

Семейде сыныптасына пышақ салды деген оқушының анасы Назигүл Жұмабекова жанжалдың қалай басталғанын айтып, балаларды жазғырмауды сұрады. Бұл туралы КТК телеарнасына сілтеме жасап, Politico.kz хабарлайды.

Ата-ананың айтуынша, екі дос арасындағы кикілжің ойыннан басталған. Олар велосипед теуіп жүріп, тоғайдағы ағашқа қадалған пышақты тауып алған. Кейін сол пышақпен ойнап жүріп, төбелесіп қалған.

«Меніңше, екеуі де кінәлі. Бірақ Омар бірінші болып пышақпен шабуыл жасамағанда, мұндай жағдай болмас еді. Жай ғана төбелесіп, көгеріп-соғылып, үйіне қайтар еді. Ал Омар бірінші болып пышақ қолданғаннан кейін жағдай ушықты. Сондықтан екеуінің де кінәсі бар деп ойлаймын – Омардың да, Дәулеттің де», – деді Дәулеттің анасы Назигүл Жұмабекова.

Дәулет 14 жаста, 9-сыныпта оқиды. Ол да оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтып, пышақты досынан тартып алмақ болғанда қолы тілінгенін жеткізген.

«Ойнап жүріп тоғай жаққа кірдік. Тоғай жақта ағашқа пышақ қадалып тұрды. Ол пышақты ала салды. Сонымен ойнап жүрдік. Ол ұстап жүрді. Сосын ұрсысып қалдық. Күрестік, төбелесіп қалдық. Күрескен кезде пышағын тас па, цементке ме, қойып қойған. Төбелескен кезде пышағын алып шығып, маған өзі бірінші сұқты», – деді оқушы Дәулет.

Баланың әкесі Төлеубек Жұмабеков ұлы сыныптасына 15 рет пышақ салды деген мәліметпен келіспейді. Ол өз баласының да жараланғанын айтты.

«Менің балам ол балаға 15 рет пышақ салды деп жатыр. 15 рет салған жоқ. Ол арқасынан, қуып жүріп, жай тигізген. Жай ғана сызат ізі. Енді екі үлкен жарасы бар шығар. Менің ұлымда да бар ғой. Мойнына, жүрек тұсына пышақ кірген. Ұлым мына жерде пышақты ол баладан ала алмаса, оның жағдайы не болар еді?!», – деді Дәулеттің әкесі Төлеубек Жұмабеков.

Жараланған екі оқушы пышақ пен ұялы телефондарын оқиға орнында қалдырып, жақын маңдағы тұрғындардан көмек сұраған. Ата-анасының сөзінше, сол кезде Дәулет қансырап, есінен тана бастаған. Жедел жәрдем шақырылып, бала ауруханаға жеткізілген.

«Екінші бала сол күні қабылдау бөлімшесіне түсті. Толық диагностикалық ем жүргізілді. Оның үстінде, мойнында, кеудесінде терең емес пышақ жарақаттары болды. Ем шарасының бәрі жүргізіліп, амбулаторияға жіберілді», – деді Семей медицина университеті госпиталінің педиатрия жөніндегі директорының орынбасары Дулат Каримов.

Дәулеттің ата-анасы екі баланың да әрекетін балалықпен байланыстырып, оқиғаның әділ тергелуін талап етеді. Қазір екі оқушыға қатысты тиісті сараптама тағайындалған, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Түпкілікті шешім оның нәтижесіне қарай қабылданады.

Бұған дейін Семейде 15 шақты пышақ жарақатын алған оқушының аман қалғаны хабарланған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий