Семейде 15 шақты пышақ жарақатын алған оқушы аман қалды
Семейде сыныптасымен болған кикілжіңнен ауыр жараланған 13 жастағы оқушыға шұғыл ота жасалды, деп хабарлайды Politico.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға №52 мектептің 9-сыныбында оқитын 13 жастағы 2 баланың арасында болған. Олар күреске бірге қатысқан. Телеарна мәліметінше, сол күні оқушылар сабақтан кейін ат үйретуге барған, сол жерде кикілжің туып, біреуі пышақ ала жүгірген көрінеді. Үсті-басы қан болған Омар әпкесінің үйіне қашып барған.
«Ота шамамен 6 сағатқа созылды. Дәрігердің бізге айтуынша, 10–15 шақты жерінен пышақтаған. Біз жарақат тек арқасында деп ойладық. Сөйтсек, жамбас жағында да бар. Ойнауға барамыз деп шақырғаннан кейін, ойында ештеңе жоқ, бірге еріп барған. Ондай жағдай болатынын өзі де білмеген. Аяқ астынан болды. «Қашып құтылдым» деді», – деді Омардың әпкесі Ләззат Камзаева.
Туыстарының айтуынша, баланың өкпесі мен бүйрегі қатты зақымдалған. Бір-біріне пышақ жарақатын салған 2 оқушы да жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлер екінші баланың денесіндегі тілінген жарақатын жеңіл деп бағалап, үйінде емделуге жіберген. Полиция оның қолхатпен жіберілгенін растады.
Ал қан жоғалтқан Омарға шұғыл ота жасалған. Ол бүгін жансақтау бөлімінен шығарылды, бірақ алған жарақаттары ауыр.
«Іш қуысына өткен пышақ жарақаты, оң жақ бүйрек паренхимасы мен үлкен шарбы зақымданған, іш қуысына қан кетіп асқынған. Денесі мен аяқ-қолында көптеген пышақ жарақаты бар. 1-дәрежелі геморрагиялық шок. Қарқынды терапия бөлімшесінде шұғыл диагностикалық және емдік шаралар жүргізілді. 4 сағат бойы ота жасалды. Қазір баланың жағдайы тұрақты және балалар хирургиясы бөлімшесіне ауыстырылды», – деді Семей медицина университеті госпиталі директорының педиатрия жөніндегі орынбасары Дулат Каримов.
Мектеп басшылығы оқушылардың бойынан бұған дейін ерсі қылық байқамағанын, екеуінің де тәртіпті, тәрбиелі екенін айтты. Мұғалімдер олардың арасындағы төбелестің неден шыққанын білмейді.
«Екі бала да мектепте немесе қалада есепте жоқ, ешқандай құқық бұзушылықпен тіркелмеген. Екеуі де бір сыныпта оқиды. Жақсы достар. Аяқ астынан болған оқиға түсініспеушіліктен болды деп естідік. Өйткені бұл мектептен тыс, өз үйлеріне барып, одан шыққаннан кейін, түстен кейін болған оқиға», – деді №52 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Гүлжан Сағымғали.
Полиция дене жарақатын салу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу қорытындысына қарай балалар есепке алынып, олардың ата-анасы жауапқа тартылуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар