Семейдегі Жас ұлан лицейінде оқушыны қылқындырған видео тарады
Семейдегі беделді әскери мектеп-интернаттың қабырғасында түсірілген сұмдық кадрлар желіде тарап кетті. Шоқан Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы лицейндегі әлімжеттік көрінісі жұрттың ашуын туғызды, деп хабарлайды Krispmedia.kz.
Krispmedia.kz редакциясына жолданған бейнежазбадан жантүршігерлік жағдайды байқауға болады. Кадрдан жоғары сынып оқушысының өзінен кіші оқушыға күшпен қылқындырып жатқаны анық көрінеді.
Мойнынан қысқан қарулы қолдан босап шығуға тырысқан жасөспірім барынша қарсыласып баққанымен, әлдінің құрсауынан сытылып шыға алмай, дәрменсіз күй кешеді.
Бейнежазбаны жолдаған куәгер мектеп ішіндегі әлімжеттікке көз жұма қарайтын басшылықтың әрекетіне наразы. Оның сөзінше, қабырғадағы осындай сорақылықтарға қарамастан, білім ошағының бірінші басшысы әлі күнге дейін жылы орнынан қозғалмаған.
Ашынған тұрғын жағдайды реттеуге қауқары жетпеген әкімшілікті қатаң сынға алды.
«Балық басынан шіриді демекші, мұндағы былыққа жол берген директорды ешкім жұмыстан шығармай отыр», – деп қынжылды ол.
Ведомство өкілдері видеодағы балалар биыл, 2025 жылдың мамыр айында мектепті бітіріп кеткенін алға тартты.
«Бұл жерде ешқандай әлімжеттік жоқ. Түлектердің өз сөзінше, бұл жай ғана достар арасындағы ойын, "достық әзіл" болған көрінеді. Сол кезде ұстаздар қауымы бұл жайттан хабардар болып, оқушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Қазір екеуі де түлек, бірі Алматыда, бірі Павлодарда оқуын жалғастырып жатыр», – деп ақталды басқармадағылар.
Шенеуніктер лицейдегі тәрбиеленушілердің өзара қарым-қатынасы қатаң бақылауда екенін айтып сендірді.
Соңғы жаңалықтар