Серік Егізбаев Перуашевтің ісін қайталап партия жетекшілігінен кетті

24.06.2026 11:51 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Серік Егізбаев Перуашевтің ісін қайталап партия жетекшілігінен кетті
137
Фото: Ауыл партиясы

«Ауыл» партиясының кезектен тыс съезінде ұйым төрағасы Серік Егізбаев өз еркімен қызметінен кетіп, оның орнына Қайрат Айтуғанов сайланды, деп хабарлайды Politico.kz.

Саяси ұйым қатарында үш жылдан астам уақыт болған Серік Егізбаев бұл қадамын еліміздегі конституциялық реформадан кейінгі өзгерістермен және партия жұмысына жаңа көзқарас әкелу қажеттілігімен түсіндірді. Ол өз орнына орынбасары Қайрат Айтуғановты ұсынып, съезд делегаттары бұл кандидатты біртұтас қолдады.

Жаңа басшы 1962 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген, мамандығы бойынша агроном ғалым әрі экономика ғылымдарының докторы, еңбек жолын 1979 жылы пошта операторы болып бастаған.

"«Ауыл» партиясы осы үдерістерден шетте қала алмайды, керісінше, партия олардың белсенді қатысушысы, ал бұл үшін аграрлық және әлеуметтік күн тәртібіне жаңа көзқарастар әкелуді, жаңартылған саяси жүйеде тиімді жұмыс істеуді қажет етеді. Сондықтан партия төрағасы қызметімді тоқтатуым партияның ішкі динамикаға дайындығын және жаңа саяси жүйеде алдағы сайлауға толыққанды қатысуға ниеттілігін көрсететін заңды қадам болады. Сонымен қатар, мен партия мақсаттарына адалмын және жаңа төрағаға партия қызметінің сабақтастығы мен тұрақтылығын қамтамысыз ету үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайынмын және партия қатарында белсенді қызмет жасаймын", — деді Серік Егізбаев.

Қайрат Қапарұлы Айтуғановтың еңбек жолы:

  • 1985-1986 жылдары Кеңес Әскері қатарында болды.
  • 1987 жылы Көкшетау облысы Зеренді ауданы Қарабұлақ совхозының агрономы, аға агроном-тұқым өсірушісі.
  • 1987-1989 жылдары Көкшетау облысы Зеренді ауданы Қарабұлақ совхозының бас экономисі.
  • 1989-1990 жылдары Мәскеу қаласы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы экономикасы ғылыми-зерттеу институты күндізгі аспирантурасының аспиранты.
  • 1990-1991 жылдары Көкшетау облысы Қызылту аудандық агроөнеркәсіптік бірлестігі төрағасының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары.
  • 1991-1992 жылдары Көкшетау облысы Қызылту аудандық әкімшілігі экономика комитетінің (Райплан) төрағасы.
  • 1992-1995 жылдары Көкшетау қаласы «Тұмар» өндірістік-коммерциялық бірлестігінің коммерциялық директоры.
  • 1995-1996 жылдары Көкшетау қаласы «Ак-Селеу» ЖШС директоры.
  • 1996-1997 жылдары Көкшетау облысы әкімі аппараты экономикалық саясат және аумақтық даму бөлімінің меңгерушісі.
  • 1997 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық экономика басқармасы бастығының орынбасары.
  • 1998 жылы - Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын талдау бөлімінің бастығы.
  • 1998-2002 жылдары «Ақмола Электржелілік Тарату Компаниясы» АҚ қаржы-экономикалық департаментінің директоры, қаржы директоры, Басқарма төрағасының орынбасары.
  • 2003-2005 жылдары «Қазақстан Фермерлер одағы» вице-президенті.
  • 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі департамент директорының орынбасары, департамент директоры, аппарат басшысы.
  • 2006-2007 жылдары Халықаралық қайта құру және даму банкі (Дүниежүзілік банк) «Ауыл шаруашылығын жекешелендіруден кейінгі қолдау» жобасының жетекшісі.
  • 2007-2009 жылдары «Оңтүстік» ӘКК «Ұлттық компаниясы» АҚ департамент директоры, қаржы директоры, басқарма төрағасының орынбасары, басқарма төрағасының бірінші орынбасары.
  • 2009-2011 жылдары «Оңтүстік» ӘКК «Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы.
  • 2011-2012 жылдары «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
  • 2012-2013 жылдары Қарағанды облысы әкімінің орынбасары.
  • 2013-2015 жылдары «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
  • 2015-2016 жылдары «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы» РҚК төрағасының орынбасары.
  • 2016-2018 жылдары Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» директорлар кеңесінің мүшесі, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ директорлар кеңесінің төрағасы.
  • 2018-2020 жылдары «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары.
  • 2020-2022 жылдары «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» КЕАҚ басқарма төрағасы.
  • 2020 жылдан бастап "Ауыл" партиясының төрағасының орынбасары.

Мемлекеттік наградалары:

«Құрмет» ордені, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалі, «Тыңға 50 жыл» медалі, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі, «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісі.

Айта кетейік, таяуда ғана «Ақ жол» демократиялық партиясының съезінде ұйым жетекшісі Азат Перуашев та өз өкілеттігін тапсырып кеткен болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий