"Шариғатқа қайшы": ҚМДБ чайлдфри ұстанымына қатысты үкім шығарды

24.06.2026 13:48 Мөлдір ҚАЙНАР
191
Фото: Shutterstock

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы саналы түрде балалы болудан бас тартуды көздейтін чайлдфри ұстанымына қатысты ресми пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ғұламалар кеңесінің қорытындысына сәйкес, балалы болудан әдейі және түбегейлі бас тарту ислам шариғатына қайшы деп танылған.

Діни басқарма өкілдерінің түсіндіруінше, ерлі-зайыптылар белгілі бір себептерге байланысты жүктілікті уақытша кейінге қалдыра алады. Алайда жауапкершіліктен немесе тұрмыстық қиындықтарды алға тартып, бала сүюден саналы түрде бас тарту құпталмайды.

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлының айтуынша, бұл ұстаным Пайғамбардың сүннетіне де сәйкес келмейді.

«Шариғатта бұл құпталмайды. Пайғамбарымыз көптеген хадистерінде үйленіп, ұрпақ көбейтуді насихаттаған», – деді ол.

Осылайша, мүфтият чайлдфри идеологиясына діни тұрғыдан теріс баға берді. Ал Қазақстан заңнамасына сәйкес, азаматтарды балалы болуға немесе болмауға ешкім мәжбүрлей алмайды.

Войдите, чтобы оставить комментарий