Шекара маңында полицейлерге оқ атқан күдікті қолға түсті

19.04.2026 13:23 Қарақат АСЫЛОВА
Шекара маңында полицейлерге оқ атқан күдікті қолға түсті
689
Бір полицейдің өмірін қиған шабуылшы Қазақстанда туылған болып шықты

Ресейдің Орынбор облысында Қазақстан шекарасына жақын аумақта полицейлерге қарулы шабуыл жасаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға 16 сәуір күні Ақкермановка елді мекенінде болған. Федералдық іздеуде жүрген ер адамды ұстауға барған полиция қызметкерлеріне күдікті қарумен қарсылық көрсетіп, оқ атқан. Салдарынан бір полицей қаза тауып, тағы үшеуі түрлі дәрежеде жарақат алған. Қаза тапқан қызметкер аға лейтенант Никита Гнусин. Ол оқиға болған күні 28 жасқа толған.

Кейін өңірде ауқымды іздестіру операциясы жүргізіліп, күдіктінің көлігі Белошапка ауылы маңынан табылған. Ол 18 сәуір күні тас жолға шыққан сәтінде қолға түсті.

Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті әскери қызметкер Сергей Басалаев. Оған бірнеше ауыр бап бойынша айып тағылған, соның ішінде әскери бөлімді тастап кету, құқық қорғау органдарына шабуыл жасау, адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу деректері бар.

Ресейлік дереккөздердің хабарлауынша, күдікті алғашқы жауаптарында холостой автоматты сатып алып, оны өз бетінше қайта құрастырғанын айтқан. Ал шабуыл жасауын «күш құрылымдары үйіне басып кірді» деген уәжбен түсіндірген.

Жараланған полицейлердің екеуінің жағдайы жақсарып, қанағаттанарлық деңгейге жеткені айтылды. Үшінші қызметкердің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағалануда.

Белгілі болғандай, күдікті Қазақстанда туған. Ол бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданынан шыққан.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий